Сириялық Қызыл Жарты Ай қоғамы Батыс елдері салған санкцияларды алып тастауға шақырды

Жойқын зілзаладан кейін халықаралық қауымдастық негізінен Түркияға көңіл бөліп отыр.

Бірақ Сириядағы жағдай тіпті нашар. Себебі онсызда азамат соғысынан көз ашпаған бұл елге жер сілкінісі «жығылғанға – жұдырық» болды. Экономика қатты құлдырады. Ал солтүстік өңірлер әлі оппозициялық күштердің бақылауында. Бұл аймақты соғыстан қашқан 3 миллион адам паналаған. Көбі уақытша баспаналарда тұрады. Соғыста қираған медициналық мекемелердің жартысынан астамы жұмыс істемейді. Ауыз су жүйесі бүлінгендіктен, былтырдан бері тырысқақ тарады. Техникалық құралдар жоқтың қасы. Осыған байланысты Сириялық Қызыл Жарты Ай қоғамы Батыс елдері салған санкцияларды алып тастауға шақырды.

Халед Хбубати, Сириялық Қызыл Жарты Ай қоғамының жетекшісі:

- Бізге ауыр техника, жедел медициналық жәрдем көліктері қажет. Өрт сөндіретін және құтқару жұмыстарын жүргізетін техникамыз жоқ. Санкцияларға байланысты көптеген қиындықтар туындады.