Үйінді астындағы балалар

Үйінді астына көмілген қаншама тағдыр осы ержүрек жандардың арқасында тіршілікке қайта оралып жатыр.

Тосыннан болған табиғи апат кезінде көрген жанды бей-жай қалдырмайтын небір таңғажайып әрі аянышты оқиғалар болды.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз адам өлмейді». Түркия мен Сириядағы зілзала осы мәтелді өмірде дәлелдеді. Жойқын жер сілкінісінен кейін таудай үйілген қирандының астында қалса да, тірі қалған жандар дүйім жұртты қуантты.

Мына бала түк сезбей ұйықтаған. Ол жер сілкінгеннен кейін 24 сағаттан кейін табылды. Оқыс айқайдан оянған бала құтқарушылардан "Не болды?" деп сұраған.

Сириялық босқын баланың да көрер жарығы бар екен. Хатай қаласындағы зілзаладан кейін ол үйінді астында 45 сағаттай жатқан. Стамбұлдан келген топ аузына су тамызып, құтқарып алды.

Сирияның Джандарис қаласында құтқарушылар шарылдап жылаған шарананы үйінді астынан алып шықты. Жаңа туған баланың кіндігі құрбан болған анасымен әлі жалғасып жатыр екен.

Хани Маруф, дәрігер:

- Бала үйінді астынан табылғанға дейін 3 сағат бұрын дүниеге келген. Дене температурасына қарап, түскі 12:00-де туды деп айтуға болады. Анасы босанғаннан кейін жан тапсырған. Баланың басқа жақындары да көз жұмған. Нәрестенің арқасы, құлағы, беті, қабырғасы көгеріп, ісіп тұр. Зілзала кезінде оған қатты зат құлаған.

Идлибте тұтас бір отбасы құтқарылды. Қалың жұрттың қуанышында шек жоқ.

Ал мынау Нұр есімді қыз. Құтқарған сәтте әкесі еркелетіп, дем беріп тұрды. Сондай-ақ Джандаристе 1 қыз бен 2 ұл құтқарылды.

Үйінді астында әлі қаншама адам жатыр. Жақынымен тірідей табысамын деген жұрт жетіп-артылады. "Үмітсіз - шайтан ғана".

Автор: Ернат Мелсұлы