Қазақстандықтар Түркияға саяхаттаудан бас тартып жатқан жоқ
Түркиядағы зілзала пандемиядан кейін енді аяққа тұрып келе жатқан туризм саласына кері әсер етуі мүмкін бе?
Бауырлас елдегі табиғи апаттан кейін осындай сауал жиі қойыла бастады. Өйткені Анадолу жері тек қазақстандық емес, өзге ел саяхатшылары арасында танымал бағыттың бірі.
Жерлестеріміз жолдамадан бас тартып жатқан жоқ
"Туристік қамқор" қорының мәліметіне сүйенсек, қазір Түркияда 254 қазақстандық саяхатшы бар. Бір айта кетерлігі - бұл туристік операторлар арқылы аттанған жерлестеріміздің саны. Мамандардың хабаралуынша, қазақстандықтар бұрынғысынша Түркияның танымал курорттарына жолдамалар сатып алуда. Яғни отандастарымыз арасында қызығушылықтың төмендеуі байқалмайды. Туристік компания өкілдері "егер демалысын жоспарлағандар жолдама шарттарын өзгерткісі келсе, барлығы жеке тәртіпте қарастырылады", - дейді.
Ер-Әли Тілеуов, туристік компанияның Астана қаласындағы кеңсесінің жетекшісі:
- Төтенше жағдай жарияланған өңірлер қазақстандық туристер арасындағы танымал бағыттарға жатпайды. Отандастарымыз әдетте демалыс үшін Жерорта және Эгей теңізінің жағалауын, Стамбұлды таңдап жатады. Саяхатшы ұшып барған қалада форс-мажор болса, онда әуе рейстері кейінге шегеріліп, кеткен ақша толық көлемде қайтарылады. Мұндай жағдайда жолдамадан бас тарту не кейінге қалдырудың әрбір өтініші жеке-жеке қаралады.
Таиландтың туризм саласында кадр тапшылығы өткір сезіліп отыр. Бұл бұрыннан бері келе жатқан мәселе. Алайда коронавирус пандемиясы кезінде туристер азайғасын, проблема қатты байқалмады. Бірақ былтыр шектеу шаралары жеңілдеп, елде 11 миллионнан аса шетелдік демалған. Олардың барлығына қызмет көрсететін адам жетпеген. Бұл әсіресе Пхукет аралында ерекше байқалып отыр. Мұнда туризм секторындағы бос орын 17 мыңнан асады. Карантин уақытында салада еңбек еткен 4 миллионға жуық адам мамандығын өзгертуге шешімін қабылдаған. Биыл Таиландқа демалуға барған шетелдіктер саны 30 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3 есе көп. Ірі қонақ үйлер қызметкерлеріне жоғары жалақы ұсынып, мәселені өз бетінше шешіп келеді. Ал ондайға шамасы келмегендер биліктен көмек сұрап отыр. Бұл ретте туризм министрлігі білім беру мекемелерімен келісімге отыру жағын қарастыруда. Одан бөлек орта және шағын бизнес иелеріне несие ұсынылады.
Макаоның туризм секторы да пандемиядан кейін енді есін жиды. Сала Қытайдың арнайы әкімшілік ауданының басты табыс көзінің бірі. Себебі Макао құмар ойындардың отаны саналады. Бұдан бөлек ірі спорттық шаралар мен фестивальдер өтеді. Нәтижесінде мұнда жыл сайын 30 миллионнан аса турист баратын. Бірақ Қытай билігі қатаң карантин енгізді. Салдарынан туризм саласының өкілдері мол табыстан қағылды. Жақында шектеу шаралары алынып тасталды. Енді билік саяхатшыларды көптеп тарту шараларын қолға алды. Мәселен, биыл 120 мың әуе билеті тегін таратылады. Олар мұнда демалып келген туристерге берілуі тиіс. Арнайы акция келесі аптадан бастап іске қосылу тиіс.
Ресейдің туризм саласындағы ахуал көңіл көншітпейді. Былтыр мұнда 205 мың шетелдік саяхатшы барыпты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда, шамамен 30 процентке аз. Бұған геосаяси қақтығыстар себеп. Өйткені санкцияның бір тармағы ретінде көп ел Ресеймен әуе қатынасын тоқтатты. Оның үстіне коронавирус та әсер еткен. Көрші елге Қытайдан көп адам саяхаттайтын. Ал мұнда шектеу шаралары бертінде ғана жеңілдеді. Сөйтіп былтыр Ресейге демалуға барғандардың үштігіне Германия, Түркия мен Иран азаматары кірді. Алғашқы бестікте қазақстандықтар да бар. 2022 жылы көрші елде 13 мыңнан аса отандасымыз демалып қайтқан екен.