Британия елімізбен байланысты нығайтуға ниетті
Лондон елімізбен арадағы байланысты нығайтуға ниетті.
Бұл туралы екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында Ұлыбритания Үкіметі Бизнес және сауда департаментінің мемлекеттік министрі мәлімдеді. Айтуынша, тұманды альбион үшін сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету аса маңызды.
Биылғы үкіметаралық комиссия жаңа форматта өтті. Ерекшелігі сол қос тарап ілеспе аудармашылардың қызметіне жүгінбеді. Қазақстандық шенеуніктер түгелдей ағылшынша түсінеді және сол тілде еркін сөйлейді. Жалпы алғанда британиялықтардың экономикамызға құйған қаражаты жыл санап, артып келеді. 2021 жылы инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ долларынан асса, былтыр 9 айдың ішінде 600 млн. АҚШ долларын құраған. Тауар айналымы да екі есе өсіп, 1,8 млрд.доллпрға жеткен. Бұдан бөлек 8 түрлі тауарды біздің елден Ұлыбританияға экспорттаудың мүмкіндігі туып отыр. Британ үкіметі серіктестікті нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға ниетті.
Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі:
- Біз британиялық компанияларға Қазақстандағы металл және минералды ресурстардың кен орындарына жаңа инвестиция құюдың соның жолдарын тауып беруге көмектескіміз келеді. Сондай-ақ сіздің елге ауыл шаруашылығы үшін малға арналған генетикалық материалдарды экспорттауды бірінші рет бастағалы жатырмыз. Бұдан бөлек экологиялық таза энергия, жасыл технологиялар және білім салалары бойынша ынтымақтастығымыз беки бермек.
Бұған дейінгі үкіметаралық комиссияның отырысы Астанада өткені белгілі. Қазақстандық тарап бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстарды зерделеп, Лондонға жаңа ұсыныстарымен келді, жоспарларымен бөлісті. Ресейде жұмыс істейтін британиялық бизнес өкілдерімен кездесулер кезінде олардың Қазақстанда кәсіп ашу мүмкіндіктері талқыланды. Бүгінгі таңда геосаяси жағдайға байланысты 370-тей компания Ресей нарығынан кетуді жоспарласа, олардың тоғызы кеңселерін Қазақстанға көшіргісі келеді. Екеуі тіпті қоныс аударып та үлгірген.
Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Ресейдің экономикасы бізге қарағанда 10 есе үлкен болғандықтан сол Ресейде шоғырланған болатын. Ал енді Ресейде осы санкцияларға байланысты жұмыс істей алмай отыр. Бірақ Еуразия нарығын сақтап қалу үшін мәжбүрлі түрде басқа елге көшуге мәжбүр. Ең қолайлысы Қазақстан және оларды елге тарту үшін біз көп жұмыс істеуге тиіспіз.
Қазақ-Британ үкіметаралық комиссиясы осыдан тура 10 жыл бұрын құрылған. Ол сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бағытында жемісті жұмыс істеп келеді.
Ғалымжан Қараманұлы