Түркия мен Сирияда үйінділер астынан адамдарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

Түркия мен Сириядағы зілзаладан кейін 3 күн уақыт өткеніне қарамастан үйінділер астынан тірі қалғандар әлі табылып жатыр. Құтқарушылар қираған ғимарат астындағы әрбір дыбысқа назар аударып, оларды аман алып шығуға бар күштерін салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үмітсіз шайтан. Түркия мен Сирияда үйінділер астынан тірі жанды табуға талпынған құтқарушылар осы бір қағидатты негізге алғандай. Адам сенгісіз оқиғалар да жиі тіркелуде. Сонының бірі Ыстамбұлға жақын Хатай қаласында болды. Маманадар қираған ғимарат астында 68 сағат болған Хэлен есімді 8 айлық нәресте мен Мехмет атты 10 жасар баланы аман алып шықты.

Ал алғашқы 7,8 балдық жер сілікінісі тіркелген Газиантеп қаласында құтқарушылар бір бойжеткенді шығарып алды. Мамандар жас қызды сыртқа шығарғанда, ол үйіндінің астында сіңілісінің де бар екенін хабарлады.   

- Жер сілкінісі болғанда үстіме үйдің қабырғасы құлады. Қасымда сіңілім жатқан еді. Бірақ оның дауысын естімедім. Оған бірнеше рет қолымды созғанымен, қимылдай алмадым.

Ажал келмей жан шықпас демекші, мына бір ер адам да 62 сағат бойы ғимарат астында болған. Испаниялық құтқарушылар оның дауысын кездейсоқ естіп, тауып алды.  

Ал Сириядағы мына Шам есімді қыздың көрер жарығы бар екен. Зілзаладан кейін бүлдіршін үйінді астында 68 сағаттай жатқан. Құтқарушылар оны шығарып алып жатқанда есімін әндетіп, рухтандырып тұрды. Қыздың жарақаты қауіпті емес, - дейді дәрігерлер.

Апат аймақтарында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындар әр жан үшін арпалысқан мамандардың туғандарын тірі алып шығарына үмітті. 

Авторы: Дәурен Ақашұлы.