Түркияда құрылыс компанияларына қатысты тергеу басталды
Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 18 мыңға жуықтады.
Ал жарақат алғандар 73 мыңға жетті. Қазір апат аудандарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Оның үстіне күн суытып, құтқарушылар жетіспейтіні де байқалады. Кей аудандардағы үйлер түгелімен қирап қалған. Сарапшылар жойқын жер сілкінісі жалпы 13 миллионнан астам адам тұратын аумақты қамтығанын айтады. Түркияның Әділет министрлігі зілазала болған аймақтардағы үйлер мен ғимараттарды салған барлық құрылыс компанияларына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Осы мекеменің басшысы Бекир Боздагтың айтуынша, өз істеріне жауапсыз қарап, ғимаратты тұрғызғанда тиісті талаптарды сақтамағандар қатаң жазаланады. Ал мәліметке қарағанда Түркияда табиғат апатынан 6,5 мыңнан аса нысан қираған.