Бішкектегі көп қабатты үйлердің қауіпсіздігі тексеріледі
Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі қырғыз ағайындарды да ойлантты.
"Сақтықта қорлық жоқ". Қырғызстан Парламентінің депутаттары Бішкектегі көп қабатты үйлерді тексеруді талап етіп отыр. Тұрғын үйлердің сапасын бақылау артықтық етпейді дейді олар.
Түркиядағы трагедия қырғыз депутаттарын ойлантып қойды. Елдегі тұрғын үй сапасы талай рет сыр беріп жатса да, Парламент деңгейінде бұл тақырып алғаш рет ашық айтылды. Халық қалаулылары көпқабатты үйлердің бір жылға жетер-жетпес мерзімде салынып жатқаны күмән тудырады, дейді. Айтып келмейтін апаттан сақтанудың жалғыз жолы – тексеріс жүргізу.
Медербек Әлиев, Қырғызстан парламентінің депутаты:
- Тұрғын үйлер рұқсат етілмеген жерге де салынады. Ал олардың сапасы қандай? Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келе ме? Жер сілкінісі болған жағдайда қанша баллдық апатқа төтеп бере алады? Шұғыл түрде тексеру комиссиясын құруды ұсынамын. Оған тек Министрлер кабинетінің мүшелері ғана емес, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де кіруі тиіс. Қоғамға есеп беру керек!
Соңғы мәліметтер бойынша, Бішкекте 3400-ге жуық көппәтерлі үй бар. Олардың көпшілігі Кеңес заманында салынған. Мамандардың айтуынша, сейсмикалық беріктігі жоғары. Ал, каркасты құрылыс әдісімен соңғы жылдары салынған көпқабатты үйлердің сапасы күмәнді. Бұл ғимараттың әрқайсысында жер сілкінісіне төзімділіктің рұқсат етілген деңгейі бар, бірақ Түркиядағы қайғылы оқиға, темірбетон конструкциясына деген сенімді азайтты-дейді депутаттар.
Марлен Маматалиев, Қырғызстан парламентінің депутаты:
- Оңтүстік магистральдан жоғары Түркияның үлгісі бойынша шағын аудандар салынуда. Бұл каркасты үйлер. Құрылыс технологиясын сұрағанымда, арматураның саны ғана өсті деген жауапты естідім. Ал оны кім тексереді, жобаны кім бекітеді – ешкім айта алмады.
Депутаттар тарапынан жасалған ұсыныстан басқа Қырғызстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы да өз ұсынысын айтты. Ведомство басшылығы ірі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, үй салу үшін қолданылатын материалдарды сұрыптауды тапсырды. Бұл процесті Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы комитет бақылауға алды.
Сымбат Ғалымжанқызы, Бакыт Чермашев