Түркияда тағы жер сілкінді

Түркияда бүгін де жер сілкінді.

Түнгі 12-ден бері Кахраманмраш қаласы мен сол аумақта бірнеше рет дүмпу болған. Түске дейін жер ара-тұра қозғалып, елдің есін шығарды.  Зілзаланың қуаты алғашқы күнгідей жайратып кетпегенмен, кей аумақта 4 балдан асқан.  Ал түрік жұртына зор қайғы әкелген жер сілкінісі 7,7 балға тең болатын.  

Орхан Татар, AFAD жер сілкінісі қаупін азайту бөлімшесі бас директоры:

- 7,7 балдық жер сілкінісінен бөлінетін энергия 500 атом бомбасының әсері мен энергиясына ие. Аймақта қазір лава ағыны немесе мұнай ағыны жоқ. Мұнда тек жер қозғлаып жатыр. Аймақта жанартаудың атқылауын тудыратындай қауіп жоқ.

Жалпы Түркияның оңтүстік шығында зілзаладан кейін 2 мыңнан астам дүмпу тіркелген. Алғашқы жер сілкінген кезден бастап, құтқару жұмыстарына барлық әскери гарнизондар жұмылдырылған. Сарбаздар бірнеше күн бойы кірпік қақпады. 

Хулуси Акар, ұлттық қорғаныс министрі:

- Осы уақытқа дейін осы аумақта жүрген 45 сарбазымыз көз жұмды. 54-і жараланды. Сарбаздар күні-түні дамыл тапқан жоқ. Олар құтқару жұмыстарының ең қиын тұсында, алғы шепте жүрді.