Түркияның құрылыс сапасына қатысты сын көп
Түркияда осыдан 24 жыл бұрын болған алапат зілзаладан кейін салынатын ғимараттарға қатысты талап қатаңдады.
Алайда ақпарат құралдары үкіметте кейде амнистия жарияланып отырғанын хабарлайды. Қазір бұл мәселе қоғамды қызу талқылауға ұласты. Өйткені мамандар адам шығыны көп болғанымен, зілзаланың күші "алапат"- деуге келмейтінін айтады. Қираған құрылыста да есеп жоқ. Қазір жауаптылар жаппай қамауға алынып жатыр. Тақырыпты әріптесім Жұлдыз Атагельдиева Шартарап айдарында тарқатады.
Түкияның қала құрылысы және қоршаған ортану қорғау министрлігі табиғат апатынан жапа шеккен өңірлердегі ғимараттарда тексеру жүргізіп, олардың сапасына қатысты өз бағасын берді.
Иә, құрылыс сапасына қатысты сын көп қазір. Сейсмикалық қауіпсіздік тексеруден өткен 133 мың құрылыстың 7,5 мыңы толықтай опырылып түскен, демек сүрілетін болады. 12,5 мыңы тұруға жарамсыз қалған. Қазір осыған байланысты 130-дан аса күдікті бар. 100-ге жуығы қамауға алынған. Олардың қатарында сәулетшілер, геодизистер секілді мамандар мен мердігер компаниялардың өкілдерінен бөлек құрылыстарға рұқсат берген шенеуніктер де бар. Кеше Ыстамбұл әуежайында екі адам қамауға алынды. Олар зілзаладан жапа шеккен Адыяман қаласында тұрғызылған бірқатар үйдің мердігерлері. Ерлі-зайыптылар Грузияға ұшып кеткен болған. Бұның алдында Черногорияға бет алған жерінен әуежайда Хатай провинциясындағы тұрғын үй кешенінің бас сәулетшісі қамауға алынған еді. Ғимарат 2012 жылы салынған. Ондағы пәтерлер сол кездегі бағаммен 800 мың доллардан 1 жарым миллионға дейін тұрған. Бірақ апат кезінде үй бір сәтте опырылып түскен.
Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді демекші елде ұрылар да көбейді. 100-ге жуық адам тонаушылық бойынша қамауға алынды. Зілзаладан зардап шеккен бір ғана Хатай провинциясында күдіктілерден 11 мың доллар, 70 мың түрік лирасы, 20 ұялы телефон, 9 қару-жарақ, асыл заттар, тіпті банк карталары тәркіленді. Сорақысы сол - екі қаскөй,,,өзін гуманитарлық қызметкер ретінде таныстырып, тамақ тиелген жүк көліктерін айдап әкетпек болған. Айласын асырмақ болғандар жапа шеккендерге қоңырау шалып, көмек көрсету үшін банк карталарының нөмірін сұраған. Президент мұндай әрекетке барғандарды қатаң жаза күтіп тұрғанын ескертті.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Төтенше жағдай не үшін енгізілді дейсіздер? Оның бір себебі - ұрылардың жолын кесу. Қаскөйлер халықтың қайғысынан пайда көрмеуі керек. Базарларды тонағандар туралы естідік. Олар мұндай әрекетке бармай-ақ, дүкен иелерінен көмек сұраса, ешкім бетін қайтармас еді ғой.
Түркияда құтқарушыларға қауіп төнді
Қауіпсіздік мәселесіне қатысты қиындықтар туындап, демалыс күндері іздестіру-құтқару жұмыстары баяулаған. Өйткені Сириямен арадағы шекаралас өңірде атыс болды. Осыдан кейін Австрия мен Германиядан келген құтқарушылар жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл іске түрік әскерилері араласқаннан кейін ғана іздестіру-құтқару операциясы қайта жалғасқан.
Стивен Байер, Германиядан келген құтқарушы:
- Қарулы топтар арасындағы қақтығыстар туралы хабар көбейіп кетті. Біз тіпті атыс дыбысын да естідік. Қауіпсіздік мәселесі ушыққан соң құтқару жұмыстарын уақытша тоқтатуға тура келді.
Ал Израильден барған құтқарушылар тобы қауіп күшейгеннен кейін Түркиядағы миссиясын тоқтататынын жария етті. Мұнда 40-қа жуық адам болған. Дені - медицина қызметкерлері. Әуелдегі жоспар бойынша, делегация 10 күннен кейін отанына оралуы керектін. Алайда қауіпсіздік мақсатында миссиясын ерте аяқтау шешімі қабылданған.