Жетекші елдер экономикасынан өсім байқалды

Украиндағы ахуалдан зардап шеккен Еуроодақ экономикасының даму көрсеткіші биыл баяулауы мүмкін.

Еуропалық комиссия осылай деп пайымдайды. Олар 2023 жылы ортақ аймақ экономикасы 0,9 пайызға өсетінін болжайды. Бұған Одақтың шикізат пен электр энергиясы тасымалын әртараптандыруы оң ықпал еткен. Кәрі құрлыққа биылғы қыстың жайлылығы да көп көмегін тигізді. Сарапшылар енді шарықтаған бағалар біртіндеп түседі - деген үмітте. 

Паоло Джентилони, Еуропалық Одақтың экономика жөніндегі комиссары:

- Еуропалық Одақ экономикасы биылғы жылды жақсы қарқынмен бастады. Аймақта электр энергиясы бағасы төмендеп, инфляция да баяулайды деп болжап отырмыз. 

Ұлыбритания болса өткен жылдың дағдарысынан ес жияр емес. Тұманды Альбионда соңғы қараша айынан бері өсім байқалмаған. Елдің Орталық банкі де биылғы жылдың алғашқы жартысында экономика құлдырайды деген пікірде. Үкімет мұны инфляцияның шарықтауымен байланыстырады. 

Джереми Хант, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Инфляция әлі де өте жоғары деңгейде қалып отыр. Салдарынан тұрғындардың сатып алу қабілетіне кері әсер етуде. Сондықтан оны тежеуге бағытталған шараларды жүзеге асыра беруіміз қажет.  

Жапония экономикасы болса, үлкен дағдарыстан аман қалды. Бірақ күншығыс елінің пандемияға дейінгі көрсеткішке жетуі баяу жүріп жатыр. Жағдайды зерттеген сарапшылар осындай қорытындыға келген. Әлеуеті жағынан әлемде үшінші орын алатын экономика былтыр 0,6 пайызға нығайған. Алайда бизнеске инвестиция аз құйылған. Десе де экономистер биыл ішкі тұтыну деңгейі артып, жалақы көлемі өседі деп үміттенеді. Себебі табыс көзінің бір саласы түризм жақсарып, саяхатшылар қарасы артқан.  

Ал дүние жүзі экономикасының драйвері саналатын Қытайдағы ахуал жақсаратынына сенім мол. Жыл басталғалы алпауыт елде оң өзгерістер көбейді. Мысалы, өткен бір айдың ішінде жергілікті компаниялар шетелге 300 мың көлік сатып, экспорт 30 пайызға артқан. Бұған ең алдымен індетке қарсы шектеулердің алынуы септігін тигізді. Жалпы биыл алып елдің экономикасы 5 пайызға өседі деген болжам бар. 

Дәурен Ақашұлы