Түркия мен Сириядағы дәрігерлердің еңбегі зор

Түркия мен Сириядағы қайғылы кезеңде дәрігерлер күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қағылды.

Президент Режеп Тайып Ердоған айтқан соңғы ақпарат бойынша, бір ғана Түркияда жарақат алғандар қатары 105 мыңнан асқан. Солардың бәрі шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ақ халатты абзал жандардың қолына тапсырылады.

Газиантептегі перзентхана медбикелері үшін 6 ақпандағы жойқын зілзала осылай басталды. Ақ халатты абзал жандар Жер-бесік тербеткен шақалақтардың кішкене төсегін ұстап, жанұшырып жүр. Содан бері медицина қызметкерлерінде дамыл жоқ.

Селжен Жапан, Газиантеп университеті ауруханасы медбикелерінің басшысы:

- Жаны қиналған адамдардың зарынан жүрек жарылады. Өмірі қыл үстінде жатқан ауыр науқастар айқайлап, есті шығарады. Осындай қиын кезде қолыңа түрлі аспап алып, мүлтіксіз жәрдем көрсетуге жанталасамыз.

Түркияда дәрігер де, аурухана да жетіспей жатыр. Медицина нысандарының көбі қирап қалған. Искандерун қаласында танк таситын соғыс кемесі аурухана болып жасақталды. Билік басқа амал жол дейді. Науқастар үшін 300 төсек қойылған.

Берат Жетинер, жергілікті тұрғын:

- Бұл аумақта бос аурухана жоқ. Бәрі зілзалада жарақат алғандарға лық толы. Барсаң, ұзын-сонар кезекте тұруың керек. Ауруың жаныңа батып, қиналып тұрғанда, ұзақ күтудің өзі қиямет. Мына жасанды ауруханаға бізге жақсы болды.

Мына шақалақ Сириядағы зілзала кезінде үйінді астында туған. Ата-анасы мен басқа 4 бауыры опат болған. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген нәрестенің халі қазір дәрігерлердің арқасында жақсарып келеді. Сүйкімді сәбидің есімін Ая деп ақ халатты абзал жандардың өздері қойған.

Хани Маруф, балалар дәрігері:

- Ая бізге түскенде, арқасы қатты көгеріп тұрған еді. Содан бірден рентгенге түсірдік. Бейшара бөпе жарық дүниеге келген бетте жетім қалды. Ем-домның арқасында Аяның жағдайы қазір жақсы. Салмағы 3 келі 175 грамм.

Идлибтегі мына нейрохирург 9 күн бойы тынымссыз жұмыс істеп, адам өміріне араша түсіп жатыр. Бір операциядан босаса, жалма-жан екіншісіне кіріседі. Көбіне отаны адамның миына жасайды. Жарақаты ауыр болса да, ажалдан арашалап қалған дәрігерлерге науқастардың алғысы шексіз. Десе де, операция кезінде немесе одан кейін жан тапсырып жатқандар аз емес.

Мұстафа Әл-Йамани, нейрохирург:

- Дәл зілзала болған күн маған демалыс болатын. Жұмысқа шұғыл шақырылдым. Содан үйдің бетін көрген емеспін. Өте ауыр операциялар жасаймыз. Қатты шаршаймыз. Бірақ қазір бізге бір сәтке де демалуға болмайды.  Дәрігерлер жетіспей жатыр. Жаңа ғана 3 айлық балаға ота жасап шықтым. Сәбидің басы, кеудесі мен асқазанына үлкен зақым келген. Құтқара алмай қалатын дәрменсіз кездеріміз де көп.

Расымен білікті дәрігерлердің өзі ажалдың алдында шарасыз. Көр қазушыларға да тыным жоқ.