Берлинде Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі құрбандарын еске алды

Германия астанасында Түркия мен Сириядағы зілзала құрбандарын еске алу шарасы өтті.

Берлиннің ең басты көрнекі орыны Бранденбург қақпасының жанына бірнеше мың адам жиналды. Жергілікті азаматтардан басқа, неміс еліндегі түрік және сирия диаспорасының өкілдері де келген. Жиын бір минут үнсіздікпен басталды. Саясаткерлер, дипломаттар мен рухани көшбасшылар сөз сөйледі. Олар барлық неміс халқына қиын кездегі көмегі үшін алғыс білдірді. Германия тұрғындары жер сілкінісінің бірінші күнінен гуманитарлық көмек жинап, елдің түкпір-түкпірінен арнайы орындар ашып тастады.

Тасмия, Берлин тұрғыны:

- Зілзала болған күні мен құрбымның үйінде болдым. Теледидардан сұмдық көріністерді көріп, жағамызды ұстадық. Қайғырып, қатты уайымға салындық. Осы апат қаншама бақытсыздық әкелді. Біздің отбасымыз ақшалай көмек берді. Біз осындай қиын кезде қол ұшын созуымыз керек деп есептеймін.

Мехмед, Берлин тұрғыны:

- Осындай ауыр кезде біз ұлт пен дінге бөлінбей, бірге болуымыз керек. Түркия мен Сирия халқына қолдау білдіру үшін осында жиналдық. Менің ағайым зілзала кезінде Газиантеп қаласында болған. Бақытымызға орай, ол тірі. Бірақ қаншама қасіретке куә болып, қайғыдан қан жұтып отыр. Көп адам баспанасынан, барынан айырылды. Сондықтан біз оларға көмектесуге тиіспіз. Германиядан Түркияға күнде жүк көліктерімен гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр.