АҚШ-та жұмыртқа бағасы желтоқсаннан бері екі есе қымбаттап кетті
Инфляция, құс тұмауы және соғыс халық тұтынатын негізгі азық-түлік бағасын аспандатып жіберді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, желтоқсанда жұмыртқа бағасы 138%-ке көтерілген.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Жұмыртқа америкалықтардың сүйікті асы десе де болатындай. АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы орта есеппен 1 адам 278 дана жұмыртқа жеген. Демек халық таңғы асқа негізінен жұмыртқа тұтынған. Бірақ арзан әрі құнарлы болған астың бағасы күрт қымбаттады.
Жұмыртқа бағасының өсуіне жем тапшылығы сеп болған. Құс фермалары жүгері, сұлы, арпаны бұрынғы бағадан әлдеқайда қымбатқа алып жатыр. Өйткені соғыс салдарынан арпа-бидайдың бағасы да ырық бермей кетті. Әлемде Ресей мен Украина бидай мен астық өндіретін негізгі елдер еді. Қақтығыс кесірінен 2 елдің де экспорты едәуір қысқарды. Әлемдік тасымал қиындап, баға өсті. Құс фермалары үшін жем ғана емес, шаруашылыққа қажет энергия шығындары да артты. Өнімдерін тасымалдауға қажет жанармай да қымбаттады.
Фрэнк Хилликер, құс фермасының иесі:
- Біздің жем бағасы екі есеге жуық өсті. Ал қаптама 25-40% қымбаттады. Жанармай да аспандап кетті. Еңбек күші қымбат. Білесіз бе, кез келген қосалқы бөлшектерден бастап барлығы көтерілді. Сондықтан бұл өте қиын болды.
Жығылғанға жұдырық. Жоғары инфлияциядан бөлек, құс тұмауы да қысты. Былтыр індет 2 рет өршіп, АҚШ-та жұмыртқа салатын тауықтардың саны күрт азайды. Ал енді жұмыртқа өндірісін бұрынғы қалпына келтіру үшін біраз уақыт керек. Сау балапандар өсіп-жетілгенше 3 ай кетеді. Сондықтан тұтынушыларға шыдауға тура келеді.
- Кейде дүкенге барғанда жұмыртқаның қымбаттап кеткенін көремін, кейде сөреде мүлдем болмайды. Бірақ мен жұмыртқасыз да өмір сүре аламын.
- Қазір бағасы өспеген зат қалмады. Оның ауыртпалығы бізге түсіп жатыр.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, желтоқсанда жұмыртқаның бағасы өткен жылмен салыстырғанда 138%-ке өсіп, 10 данасы 4,25 долларға жетті. АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі қымбатшылық себебі ретінде құс тұмауының рекордтық өршуін көрсетті. Былтыр вирустың таралуымен күресу үшін 58 млн-ға жуық құс өлтірілген.
Авторы: Нұрбек Бекен.