Әлемдік мұхит суы адамзатқа үлкен қауіп келтіреді
Әлемдегі мұхиттар мен теңіз суларының арнасынан асуы адамзатқа үлкен қауіп.
БҰҰ осылай деп дабыл қақты. Халықаралық ұйым осы мәселені тағы талқылады.
Ғалымдардың бұлай алаңдауына не себеп? Мұхит сулары көтерілсе, климатқа қандай әсері бар?
Жаһандық жылынудан жер шарымызға төнген қатер уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Әлемдегі мұхит сулары арнасынан асып, көптеген елдің жер бетінен жоғалып кету қауіпі бар. Себебі, мұздықтардың еруі жиіледі. Дерекке сүйенсек 1900-шы жалдан бері мұхиттардың деңгейі 15-25 сантиметрге көтеріліпті. Ғалымдар егер жер бетіндегі ауа температурасы 2100-ші жылға таман 2 градусқа артса, су деңгейі жарты метрге дейін көтеріледі дейді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Мұхит суларының көтерілуінен Бангладеш, Қытай, Үндістан, Нидерланд сияқты елдерге үлкен қауіп бар. Каир, Бангкок, Джакарта, Мумбай, Шанхай, Лондон, Копенгаген, Нью-Йорк сынды қалаларды су басуы мүмкін. Жалпы бұдан әлемде 900 миллион адам зардап шегуі ықтимал.
Еуропада мұхиттардың көтерілуінен ең алдымен Солтүстік теңіз жағасындағы Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания зардап шекпек. Балтық теңізі мен Дунай өзенінің сағасы және Венеция шығанағы да су астында қалуы мүмкін. Жалпы мұхит пен теңіз суларының ұлғаюынан кәрі құрлықта 13 миллион тұрғын баспанасынан айырылады деген болжам да жоқ емес.
Францияның Атлант мұхиты жағалауындағы тұрғындар бұл мәселемен жақсы таныс. Мысалы, өткен ғасырдың 60-шы жылдары бой көтерген Сулак-сюр-Мер қаласының шетіндегі үйлерді қазір су басқан. Жергілікті билік өңірдегі 50 мыңнан аса үйге қауіп төніп тұрғанын айтады.
Адриан Прива, ғалым:
- Қазір бұл шаһардан Францияның өзге жағалауларындағы мекендердің жағдайын аңғаруға болады. Өткен ғасырдың ортасында көп адам қоныстанған аудан су астына кетіп барады.
Ал Батыс Антарктидада "ақырзаман мұздығы" деген атпен танымал Туэйтстің еруі жылдамдаған. Ғалымдар аумағы Флорида штатымен бірдей мұздық жібісе әлемдегі мұхит суы жарты метрге көтеріледі деп ескертуде.
Питер Дэвис, мұхиттарды зерттеуші:
- Туэйтс мұздығы қазір Антарктидадан ақырындап бөлініп, мұхитқа қарай жылжып барады. Бұл осы құрлықта тез еріп бара жатқан аумақтың бірі. Әсіресе онда соңғы 30 жылда жарықшақтар көбейген.
БҰҰ зерттеулеріне сүйенсек мұхит деңгейінің көтерілуінен Орталық Азия елдері де көп зардап шегуі мүмкін. Дауыл мен жауын-шашын артып, су тасқыны жиілемек. Ал мұхиттар жарты метрге арнасынан асса, құрлықтағы жер асты сулары биіктеп, үйлер мен ғимараттардың қирау қауіпі күшейеді, дейді мамандар.
Дәурен Ақашұлы