Ташкентте жаңа табыс көзі пайда болуы ықтимал
Жоба бойынша тұрғын үй шатырларына күн панельдері орнатылады.
Бұл Күн сәулесінен баламалы қуат алуға мүмкіндік береді. Ал артылған электр энергиясын мемлекетке үш есе қымбат тарифпен сату қарастырылған. Мұндай жобаны елдің экономикалық зерттеулер институты ұсынды. Ғалымдар осылайша газ тапшылығын азайтамыз деп отыр.
Күн панельдерін көптеп орнататын кез жетті. Экономикалық зерттеулер институты елді энергетикалық дағдарыстан алып шығудың әзірге жалғыз жолын ұсынып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бір ғана Ташкентте келер жылы электр қуаты тапшылығы үш есе артуы мүмкін. Қыстың көзі қырау мен жаздың аптабында халық жылу не жарықсыз отырмау үшін өздігінен қам жасауға кірісті.
Өзбекстанда тұрғындар қуат көзін өз үйінде өндіріп қана қоймай, оны мемлекетке қайта сата алады. Яғни энергия артылса, бірыңғай желіге жібереді. Бұл жағдайда тариф үш есе қымбаттайды. Өзбекстан президенті үй-жайында баламалы энергетиканы дамытып отырған азаматтарға қосымша субсидия беру керектігін айтқан. Әр киловатына 1 мың сомнан төленеді. Шатырға орнатылатын күн панельдерін бөліп төлеу шартымен сатып алу мүмкіндігі бар. Орташа есеппен құны 50 млн сом, теңгеге шаққанда 2 миллионға тең.
Әбуәли Ниязматов, Ташкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
- Тұрғындар өздігінен энергия өндіруге мүмкіндік алады. Бұл жобаны Президент жанындағы экономикалық зерттеулер институты көптен бері ұсынып жүрген еді. Енді іске асыратын кез келді. Энергетикалық дағдарысқа дейін де бастауға болар еді. Мемлекет күн панельдеріне орнату үшін қосымша ынталандыру шараларын енгізді.
Бұған дейін елде бірқатар мемлекеттік нысан, соның ішінде әкімдік ғимараттары баламалы қуат көзін қолдана бастаған. Ал Науаи және Бұқара сынды өңірлерде ірі күн электр станциялары іске қосылды. Мемлекет жаңадан салынатын тұрғын үйлерге осындай күн панельдерін орнатуды міндеттеп отыр. Ал газбен жұмыс істейтін кей әлеуметтік нысандар көмірге көшеді. Нәтижесінде 1 млрд текше метр көгілдір отын үнемделеді. Үкімет ұзын саны 5407 ғимарат, 1147 жылыжай және 250 зауытты көмірмен қамтитын болады. Өнім шетелден жеткізілуі мүмкін.
Обиджон Дилмуродов, Өзбекстан Энергетика министрлігінің баспасөз қызметкері:
- Халық пен бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамту үшін аймақтарға 3 мың 400 тонна өнім жеткізілді. Газдан ажыратылған жылыжай мен зауыттардың қажеттілігін өтеу энергетика министрлігінің құзерітіне кірді. 1 сәуірден бастап Өзбекстан аумағына әкелінетін көмірді теміржол арқылы тасымалдау тарифі 50 процентке төмендейді.
Өзбекстан көмірдің басым бөлігін Қазақстаннан тасымалдауы да мүмкін. Елдің энергетика министрліктері арасында тиісті келісім бар. Әзірге көршіміз газға деген тәуелділікті барынша төмендетуге күш салып жатыр. Демек бірінші кезекте бизнес энергия қажеттілігінің 50 проценттен астамын күн панельдері арқылы өтейтін болады.
Авторы: Рауан Мыңбаев