БҰҰ: Жүкті әйел өлімі жиіледі
Әлемде әр екі минут сайын бір жүкті әйел көз жұмады. БҰҰ осындай деректерді келтіріп отыр.
2000-2015 жылдар аралығында ана өлімі айтарлықтай қысқарған еді. Алайда 2016-шы жылдан бастап көрсеткіштер қайта нашарлаған. Бұған сапалы медициналық көмектің қолжетімсіздігі себеп. Статистикаға сүйенсек, әйелдердің үштен бірі босануға дейінгі тексерулердің жартысынан да өтпейді немесе босанғаннан кейін негізгі медициналық көмек ала алмайды. Соның салдарынан 2020-шы жылы әлемде 287 мың өлім тіркелген. Қайғылы оқиғалардың дені кедей елдерде, әсіресе Африкада болған. Десе де Австралия, Жаңа Зеландия, Орталық және Оңтүстік Азияда керісінше ана өлімі азайған. Сарапшылар медициналық көмектің сапасын жақсартып, қыз-келіншектерге отбасын жоспарлауға қатысты көмек көрсетуге шақырып отыр.