Өзбекстанның 3 жылу электр станциясы Шұбаркөл көмірін тұтынатын болады
Өзбекстанның 3 ірі жылу электр станциясы алдағы 10 жыл бойы Шұбаркөл көмірін тұтынады. Келісім мерзімі ұзартылуы да мүмкін.
Екі ел үкіметі арасында осындай мәміле жасалды. Арнайы жол картасы ивнестициялық және сауда ынтымақтастығын қамтитын 37 іс-шараны жүзеге асыруды көздейді. Бүгін еліміздің сауда министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация қазақ-өзбек шекарасына барып, шетелдік әріптестерімен кездесті. Тараптар бірлескен өнеркәсіп кооперациясы орталығының құрылыс аумағын аралап көрді. Жаңа нысан «Атамекен» өткізу бекеті маңындағы 100 гектар жерде бой көтереді. Одан бөлек, премьер-министрдің орынбасары жол картасы бойынша жоспарланған шараларды пысықтады. Жауапты сала мамандарының баяндамасы тыңдалды. Науаи мен Ташкент облысында Қазақстанмен бірлесіп салынатын фосфор және минералды тыңайтқыш зауытының жобасы қаралды. Сондай-ақ, өзбекстандық инвестицияның көмегімен елімізде қолға алынған тұрмыстық техника және көлік шығару ісіне баса назар аударылды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
- Көптен бері айтылып келе жатқан өнеркәсіптік кооперация орталығына екі жақтан тиісті жер аумағы бөлінді. Бұл біздің өзара ынтымақтастығымыздағы үлкен жетістік. Себебі сол арқылы бізде өнеркәсіп дамитын болады. Ұзақмерзімді әріптестік орнайды. Мемлекеттердің басшылары қазақ-өзбек қарым-қатынасындағы барлық бағытқа ерекше көңіл бөледі. Президентіміздің соңғы сапары кезінде үкімет басшылары арнайы жол картасын бекіткені де есімізде.