Қазақстандық жүк көліктері Литва арқылы қатынайды
Польша шекарасында тұрып қалған қазақстандық автокөліктер бағытын Литва арқылы жалғастыра алады.
Қос елдің құзырлы органдары Бірлескен комиссия отырысында осындай келісімге келді. Жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін 2023 жылға арналған рұқсат бланкілері нақтыланып, қазақстандық көліктердің тізімі ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпанда Польша Еуропалық Одақтан өзге мемлекеттердің жүк көліктеріне өз аумағынан өтуге тыйым салған еді. Салдарынан 400-ге жуық қазақстандық көлік шекарада тұрып қалды. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан елшілігімен бірлесіп, Польша және Литваның көлік саласындағы уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізді.