Германияда 148 салада маман тапшы
Германияда кадр тапшы. Әсіресе елге дәрігерлер, мұғалімдер, айти мамандары мен инженерлер ауадай қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».
Федералды агенттіктің мәліметі бойынша, жалпы, 148 салада мамандарға мұқтаждық бар. Бұл қатарға білім беру, денсаулық сақтаудан басқа, көлік жасауды, ауыр өнеркәсіп пен логистиканы қосуға болады. Жыл сайын кәсіпорындар мен зауыттарда механиктер, дәнекерлеушілер, сантехниктер, құрылысшылар мен автоэлектриктерге сұраныс артып келеді. Өнеркәсіп палатасы бұл мамандықтарды игеруші жастардың өте аз екенін алға тартады. Сондықтан үкімет жұмыс күшін сырттан әкелуге мәжбүр. Осыған байланысты Германия құжат рәсімдеудің бюрократиялық процедурасын жеңілдетуге мүдделі болып отыр. Сондай-ақ оқыту немесе қайта оқытуға арналған тегін бағдарламалар да көптеп енгізілмек.
Томас Фолльмер, Медициналық академия үйлестірушісі:
- Соңғы мәліметке сүйенсек, бізге Германияға медицина және қарттарға күтім жасау бойынша 180 мың қызметкер керек екен. Бұл салаға осы іске берілген адамдардың келгені өте маңызды. Оларды өзіміз оқытып, ауруханалар мен қарттар үйлеріне орналастырамыз. Шетелдіктер жергілікті мамандармен тең дәрежеде жалақы алады. Алалау жоқ. Біліктілікті анықтайтын және жетілдіретін арнайы курс әзірлеп қойдық.