Францияда қоғамдық көлік қатынасы тұралады
Пойыздар жүрмейді.
Әуе рейстерінің саны 30 пайызға қысқарған. Бұған елдегі жалпыұлттық ереуіл себеп болып тұр. Жұрт ел президенті ұсынған зейнетақы реформасына қарсылық білдіріп жатыр. Шеруге теміржол қызметкерлерінің 40 пайызы, мұғалімдердің үштен бірі шыққан. Наразылық акциясында тіпті жоғарғы сынып оқушылары да жүр. Солшылдардың айтуынша, Макрон тез арада үкіметті таратып, зейнетақы реформасы бойынша референдум өткізуі керек. Немесе зейнетке шығу жасын көтеру бастамасынан мүлдем бас тартуы қажет. Айта кетейік, даулы реформа қазір Сенаттың қарауында. Егер ол мақұлданса, Францияда зейнетке шығу жасы 62-ден 64-ке көтеріледі. Тағы бір ескерерлік жайт, зейнетақыны толық мөлшерде алуы үшін әр француздың жұмыс тәжірибесі кемі 43 жыл болуға тиіс. Білім алған жылдар есептелмейді.
Филипп Мартинес, CGT кәсіподақтар бірлестігінің бас хатшысы:
- Бүгін ереуілдің басталғанына 6-шы күн! Біз өз дегенімізден қайтпаймыз! Сауалнама реформадан бас тарту керектігін көрсетіп отыр. Жұмысшылар да, жастар да ел-жұрттың пікірін елеп, ескермеген Үкіметке қарсы.
Иман Уэльаж, ұлттық студенттер кәсіподағының президенті:
- Бүгін таңертең 20 университет бұғатталды. Алайда ереуілге қатысып жатқан студенттер саны азаяр емес. Жастар манифесттерді қолдайды және осы мақсатта Парижге елдің барлық аймағынан келіп жатыр.
Солен Ле Ре, Paris La Villette сәулет мектебінің өкілі:
- Біз университетті бұғаттауға емес, уақытша оқу процесін тоқтатуға дауыс бердік. Оқу орындарының ғимараттары ашық. Келген студенттер сабаққа емес, ереуілге дайындық жиындарына қатысуда.