Украинада автогаз бағасы арзандады
Кейінгі 1 аптада Украинада газ арзандап жатыр. Жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газдың 1 литрі біздің ақшаға шаққанда шамамен 240 теңге. Бұған дейін 415-тен сатылған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бағаның бұлай төмендеуін сарапшылар газ тасымалдаушылар өнімді жеткізудің оңтайлы жолын тапты деп түсіндіреді. Сондай-ақ логистика мен лицензиялық кедергілер біршама жеңілдей түскен.
Қыс айларында Украинаның жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек болатын. Қазір көгілдір отын нарығында жағдай тұрақталып, дағдарыс еңсерілді. 1 апта бойы Украинада 1 литр отын құны 35 гривеннен 20 гривеньге дейін арзандады.
Атап өту керек, Украина сұйытылған газдың 80%-ін Еуропа, оның ішінде Польша, Болгария және Румыниядан сатып алады. Бағаның төмендеуі такси бағасын да арзандатты.
Сергей, жүргізуші:
- Күнара жанармай құю бекеттеріне барамын. Соңғы айда негізі газ бағасы ақырындап түсе бастағанын байқадым, әрине. Газ ғана емес, дизель құны да түсті.
Украинаның мұнай нарығының сарапшысы Александр Сиренко автогаз бағасының төмендеуіне Еуропа мен Украина арасындағы «жасыл дәліз» ықпал еткенін айтады.
Атап өту керек, үкімет жарлығы бойынша отын тасымалы Еуропа елдерінен Украинаға аталған жол арқылы жылдам жеткізіледі. Оның үстіне газ тасымалдаушы отандық трейдерлер Еуропадан көгілдір отынды жеткізудің амалдарын меңгеріп, логистика мен лицензиялық қиындықтарды еңсере бастаған.
Александр Сиренко, мұнай нарығының сарапшысы:
- Газ бағасының арзандауына негізгі себеп, теңіз, теміржол және автожолдардың тасымалы реттелді. Бір жыл бұрын көлікпен 25% газ жеткізілсе, қазір бұл көрсеткіш 75%-ке жетті. «Жасыл дәліз» баға саясатына жақсы өзгеріс енгізді.
Көгілдір отын бағасы төмендегенмен, елдегі бензин құны әлі де жоғары, - деп шағымданады жүргізушілер. Бүгінде Аи 95 маркалы бензиннің 1 литрі – 52 гривень, біздің ақшамен – 650 теңге. Мамандар алдағы айда бензин бағасы да арзандауы мүмкін, - деп болжам жасады. Дегенмен елдегі жағдайға байланысты бұл нарық әлі де мың құбылуы мүмкін.
Авторы: Аида Қыдырбай.