Әлемде туризмге жан бітті
Көктем шығып, жаз жақындаған сайын әлемде туризмге жан бітті. Қытай туристері Ресейге қаптап келе бастаған. Ал Филиппинде, керісінше, бұл сала тығырыққа тірелген. Оған не себеп? Парижде былтыр өртенген Нотр-Дам шіркеуінің жайы не болып жатыр?
Қытай туристері Ресейге ақпан аяқталмай жатып ағылған болатын. Наурыз келгелі олардың қатары тіптен көбейді. Мамандар сәуірде шырқау шегіне жетеді деп болжайды. Өйткені ол кезде туристерге виза ашық болады. Ресейдегі туризмнің құлдырауына 2 себеп бар. Біріншісі – дүние жүзіне ортақ коронавирус шектеулері, екіншісі – Украинамен болып жатқан қарулы қақтығыс. Бұрындары еуропалық саяхатшылар көп келетін. Санкциялар салынғалы олардың саны күрт азайған.
Роман Яковлев, аудармашы-жолбасшы:
- Біз бұл сәтті 3 жыл күттік. Биыл Қытай тілін білетін адамдарға сұраныс көбейгелі тұр. Қытай туристері үзілмей келе берсе, Ресейдегі туризм саласына да қан жүгіретін шығар.
Қазір Ресейде Visa мен MasterCard жұмыс істемейді. Сондықтан Қытай туристері қолма-қол ақшамен жүруге мәжбүр. Оны юаньға тікелей айырбастауға мүмкіндік бар.
Александр Флит, туристік компанияның басшысы:
- Қытай азаматтары юаньды Ресей банкінде айырбастай алады. Биыл еуропалық туристер бұрынғыдай көп келмейтін шығар. Әуе тасымалында қиындық бар. Алдағы уақытта турист ретінде визасыз келуге болатын елдердің жаңа тізімі шығады.
Филиппинде туризмге экологиялық апат үлкен кедергі болайын деп тұр. Бұл елде танкер теңізге батып, суға мұнай төгілді. Билік қазірдің өзінде суға түсумен балық аулауға қатаң тыйым салды. Теңіз қоректілерін де жеуге болмайды.
Марино Енрикез, шипажай менеджері:
- Жазғы уақытқа тапсырыс берген барлық туристер ақшаларын кері қайтарып алды. Теңізге төгілген мұнайдың салдары өте ауыр болады деп жатыр. Кәсібіміз құрдымға кете бастады. Қолдан келер шара жоқ.
Әлемдік туризмнің бір жауһары– Париждегі Нотр-Дам шіркеуі келер жылдың аяғында қайта пайдалануға беріледі. Туристік нысан 2019 жылы отқа оранған болатын. Қазір 1 мыңға жуық маман қалпына келтіру жұмыстарын жасап жатыр.
Рима Абдул Малак, Францияның мәдениет министрі:
- Нотр-Дам 2024 жылдың желтоқсанында қайта ашылады. Бірақ бұл барлық жұмыс аяқталады дегенді білдірмейді. Қалпына келтіру ісі 2025 жылы да жалғасады. Тек туристер келе береді. Келесі жылы Парижде Жазғы Олимпиада ойындары өтеді ғой.
Нотр-Дам шіркеуі 12 ғасырда салынған. Өртенгенге дейін оны көру үшін жылына 14 миллион турист келетін.
Авторы: Ернат Мелсұлы.