Әлемде бір сағатқа жарық сөндіріледі

Әлемде бір сағатқа жарық сөндіріледі

Әлем елдері электр энергиясын үнемдеу шараларына кірісті.

Бұл энергетикалық дағдарысқа байланысты болып отыр. Тау-шаңғы кешендері ойын-сауық уақытын азайтып, Ұлыбритания баламалы энергия көздерін іздеумен  әлек. Халықаралық ұйымдар энергия қымбатшылығына және климаттың өзгеруіне төтеп беру үшін ортақ шаралар қабылдауға шақырады.

Франция электр қуаты бағасының шарықтауына байланысты,  энергия үнемдеудің амалын іздеп әлек. Альпі  тауларындағы Морзин курортында қажетті шаралар қолға алынды.  Қызметкерлердің айтуынша, жалпы ойын-сауық кешенін қамтамасыз ету үшін қыруар электр қуаты жұмсалады. Сондықтан, барлық құралдар, лифттер мен финикулерлердің уақыты 5-10 минутқа қысқартылады. Сондай-ақ, энергияны көп қажет ететін жасанды қар шығару көлемін азайтып, күн батареяларын кеңінен пайдалану көзделген. Айта кетейік, Еуропадағы газдың 40 пайызы шеттен келген. Көгілдір отынның тапшылығы өңірде энергия бағасының күрт  шарықтауына әкеп соққан. Енді Францияда 2024 жылға энергия тұтыну 10%-ке азайтылмақ. 

Жан-Дэмиен Бо, тау-шаңғы кешенінің қызметкері:

- Біздің бизнес осы туризмге байланысты. Биліктегілер энергия үнемдеу керек деп талап қойды. Бірақ демалуға келген адамдарға әр ойын-сауық уақытын шегергеніміз білініп тұрады. Туристер саны азайып кетпесе болды. Жасанды қар шығаруды кеміттік.  Осылайша шығын да қысқаруы тиіс.

Ұлыбритания ғалымдары бассейнді компьютер арқылы жылытпақ

Эксмут қаласындағы мамандар энергияға кететін шығынды осылайша азайтуды көздеп отыр. Яғни  олар, жылу шығаратын жаңа жүйе ойлап тапты.Енді компьютер арқылы басқарылатын құралмен майды қыздырып, оларды бассейндегі құбырларға жіберуге болады. Баршаға белгілі әлемдегі энергетикалық дағдарыс газдың бағасының шарықтауына әкеп соққан. Салдарынан мәселен мына  спорттық кешеннің шығыны 4 есеге өскен. Жаңа жүйе арқылы енді энергия үнемдеу мүмкін болып отыр.

Питер Гилпин, спорт кешенінің басшысы:

- Компьютерлердің көмегімен біз пайдалану  шығындарын 60 пайызға үнемдейміз. Яғни, жылына 40 мың фунт сақтап қаламыз. Энергия бағасы құбылып тұрғанда, бұл жүйе бізге біраз көмек болмақ.

Ұлттық статистика басқармасының мәліметі бойынша, Ұлыбританияда электр энергиясының бағасы биыл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 67% - ке өскен. Энергия құнының көтерілуі күн батареяларының саудасын дамытты. Елде күн электр станциялардың саны екі есе көбейген. 

Әлемде бір сағатқа жарық сөндіріледі

Әлем елдері жалпы электр энергиясын үнемдеу үшін түрлі әдістер іздеп жатыр. Биыл наурыздың 25-і күні әлем бойынша бір сағатқа жарық сөндірілмек. “Жер сағаты” атты акцияны 190-ға жуық мемлекет қолдап отыр. Жоспарға сәйкес, кешке сағат 20:30-да барлық жерде жарық өшеді. Мұндай марафон әлемде алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Бұған дейін жоба аясында, Афин Акрополі мен Эйфель мұнарасынан бастап, Сиднейдің опера театрының шамдары сөндірілген. Енді ұйымдастырушылар Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры әлем елдерін баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалануға шақырып отыр.