Австралия билігі қоқысқа қарсы күресті күшейтті
Австралия билігі қоқысқа қарсы күресті күшейтті.
Бұл елде жыл сайын 7,5 миллион тоннадан аса қалдық тасталады. 2030 жылға таман бұл көрсеткіш екі есе азаюға тиіс.
Әлемде азық-түліктің үштен бірі қоқысқа тасталады. Бұл экономикаға салмақ түсіретіні айтпаса да анық. Мәселен, Австралияда осы бағытқа жыл сайын бюджеттен 27 миллиард доллар шығындалады. Сол себепті билік ысырапшылдыққа жол бермеуді ұйғарған. Үкіметтің бұл бағыттағы жоспары зор. 2030-жылға таман азық-түлік қалдықтарын екі есе азайту міндеті тұр. Сол үшін елдегі екінші ірі қала - Мельбурнде қоқыстан тыңайтқыш жасау бағдарламасы қолға алынды. Бұл ретте шаһардағы көпқабатты үйдерде арнайы құрылғылар орнатылған.
Салли Капп, Мельбурн мэрі:
- Бізде бұрын-соңды мұндай тәжірибе жүргізілмеген. Азық-түлік қалдықтарын кәдеге жарату - әсіресе Мельбурн үшін өзекті мәселе. Халықтың 84 проценті көпқабатты үйлерде тұрады. Сондықтан құрылғыларды осындай ғимараттарға орнаттық.
Қалада ондай 6 қондырғы орнатылған. Олар азық-түлік қалдықтарын 6 сағат бойы өңдеп, кейіннен оны тыңайтқышқа айналдырады. Оған бір мезетте 100 келіге дейін қоқыс салуға болады.
Хелен Стил, Ecoguardians өкілі:
- Бұл керемет бастама. Соның арқасында азық-түлік қалдықтарын 80-85 процентке дейін азайтуымыз мүмкін.
Енді тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетсе, билік жоба ауқымын кеңейтеміз деп отыр. Сарапшылар мәселенің өзекті екенін айтады. Өйткені қазір климаттың өзгеруінің салдары айқын байқалып отыр.
Ал жаһандық жылынуды жылдамдататын парниктік газдардың үштен бірі осы азық-түлік өндірісінің үлесіне тиесілі.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева