Украинада дау тудырған заң жобасы

Украинадағы Жоғарғы раданың бір топ депутаты сапасыз өнім өндірушілердің үстінен қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік беретін заң жобасын ұсынды.

Тұтынушы құқығын қорғайтын құжат - қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету орындарында заң бұзушылық анықталса,  айыппұл көлемін ұлғайтуды да көздейді. «Мақсат - шағын және орта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру», - дейді депутаттар.

Киев қаласының тұрғыны Марина Сидоренконың сегіз жасар қызы -  бір жылда асхана асынан екі рет уланып, ауруханаға түскен. Кәсіп иесі шағын айыппұлмен құтылған. Жоғарғы рада депутаттары жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Айыппұл көлемін үштен бес есеге дейін арттыру көзделген. 

Марина Сидоренко, Киев қаласының тұрғыны:

- Өте қажетті заң деп есептеймін. Мысалы менің баламның сапасыз тағамдарға аллергиясы бірден қозады. Дүкен сөрелеріндегі ас  түрлерінде ақпарат өте аз немесе мүлдем көрсетілмейді. Тағам сатылған соң оның сақталауына қатысты да сын көп. Айыппұл көлемін арттырса - жауапкершілік күшейеді деп ойлаймын

Мәселен қазір өнім туралы анық ақпарат бермегені үшін өндірушіге салынатын айыппұл көлемі - 306 гривень, шамамен 3290 теңге. Егер заң жобасы күшіне енсе, айыппұл көлемі 3,5 есеге көбеймек.  Ал егер кәсіп иесінің тауары - адам денсаулығына нұсқан келтіріп, тіпті өлімге әкелсе қылмыстық жазаға тарту қарастырылып жатыр. Алайда, заңгерлер тобы  құжат әлі де шикі екенін айтады.

Наталья Школьная, құқық қорғаушы, заңгер:

- Заң жобасының қылмыстық жазаға тарту деген тұсы өте мұқият әрі анық жазылуы тиіс. Және ол үлкен зерттеуді қажет етеді. Мұнда депутаттар емес, заңгерлер тартылғаны дұрыс деп ойлаймын.  Өйткені заңда түсінбеушілік тудыратын тармақ болса - ол бопсалау мен жемқорлыққа әкеледі. Медициналық сараптаманы сатып алу да қиын шаруа емес.

Кәсіп иелері болса, қазіргі алмағайып заманда заңға өзгеріс енгізу ақылға қонымсыз- деп есептейді. Онсыз да шатқаяқтап тұрған салаға салмақ салынса, құлдырауы мүмкін. Сондықтан құжат бейбіт күнннің еншісіне қалғаны абызал- деседі.

 

Авторы: Аида Қыдырбай