Вашингтонда сакура мен шие ағаштары гүлдеді
Вашингтонда сакура гүлдеді. АҚШ астанасына жапондық шие ағаштарының гүлденуін тамашалу үшін миллондаған турист ағылды. Өткен жылдары пандемияға байланысты адам аз болса, биыл табиғаттың таңғажайып құбылысын көруге асыққандар көп, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл күндері Вашингтонды тіліп өтетін Потомак өзенінің бойында адам қарасы қалың. Аумағы 43 гектар болатын жасынды көлдің жағасы құлпырып, гүлдеп тұр. Көктемнің осы керемет сәтін тамашалау үшін АҚШ астанасына жыл сайын 1 миллионан астам адам келеді екен. Шие ағаштарының толық гүлдеген шағын тамашалап, суретке түсіріп жүрген шет елдіктер де көп. Жексенбі күндері сакураның сұлулығын көруге ағылған саяхаттаушылар үшін метро тегін болды. Өйткені автокөліктің көп болғаны соншалық, Вашинтон маңы бірнеше сағат кептеліп қалды.
Хаят Кейс, саяхаттаушы:
- Мен өзімді бақытты сезініп тұрмын. Бұл – таза жапондық дәстүр. Менің ұлтым – жапон. Осы қалаға іссапармен келген едім. Бірнеше кездесуімді аяқтаған соң бірден осы жерге келдім.
Вашингтондағы бұл саябақтың жұмыс істеп тұрғанына 100 жылдан асты. 1912 жылы Токио мэрі АҚШ пен Жапония достығының белгісі ретінде 3 мыңнан аса шие ағашын сыйға тартады. Ұзақ жылдан бері жапон шиесінің гүлдеуін тамашалау дәстүрі үзілмей келеді.
Ива Фантайм, АҚШ тұрғыны:
- Мен үшін осы маусым – жылдың ең тамаша кезі. Жыл сайын келсем де, осынау сұлулыққа көзім тоймайды. Әлемнің 7 кереметінің қатарына қосылатын жер дер едім.
Биыл күн ертерек жылынып, ағаштар бір апта бұрын бүршік атқан. Сакураның сұлу көрінісі 2 аптаға созылады. Өткен аптада шие гүлденуі фестивалін тамашалу үшін тек бір тәулікте метромен 200 мың адам қатынаған.
Авторлары: Нұрбек Бекен.