Жаһандық жылынудың мұздықтарға әсері қандай?
Еліміздегі тау мұздықтары жыл сайын шамамен 1%-ке азайып жатыр. Бұған ғалымдар алаңдаулы. Өйткені мұз еруінің жылдамдығын тежемесе, елде су тапшылығы туындайды деп отыр. Бұл саладағы соңғы зерттеулер Якутскте өткен «климаттың өзгеруі және мәңгі тоң еруі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дана Нұржан, тілші:
- Біз Якутиядағы Чочур-Муран деген мекендеміз. Негізі бұл жер табиғи тоңазытқыш ретінде қолданылған. Аязды қыста да, ыстық жазда да бұл жердің астында бірқалыпты температура – минус 6 градус. Якутия территориясы километр тереңдікке дейін негізінде мұзды жер. Жалпы, Ресей территриясының 65%-і – дәл осындай мәңгі ерімейтін мұзды аймақтар.
Ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты әлем қандай қиындықтарға тап болатынын болжау үшін мәңгілік мұзды мұқият бақылайды. Бұл саладағы соңғы зерттеулер Якутскіде Ресейдің төрағалық еткен Арктика кеңесі аясында климаттың өзгеруі және мәңгі тоңның еруіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Ғалымдарының мақсаты – экономиканы климаттың өзгеруіне бейімдеудің амалын табу. Конференцияға 500-ден астам халықаралық сарапшы қатысты, оның ішінде қазақстандық ғалымдар да бар. Себебі Қазақстан үшін мұздың еру – өте өзекті мәселе.
Такир Балықбаев, Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығының директоры:
- Орталық Азияда бүгінгі таңда ағын сулардың 80%-і – еріп жатқан қарлардың және мұздықтардың сулары. Бұл мұздықтардың еруі судың ағымына, тіпті экономикаға кері әсер етеді. Біздің зерттеуіміз бойынша, соңғы 40-50 жылда мұздықтар жылына көлемі 1%-ке азайып жатыр. Ғалымдардың болжамы бойынша, осы мұздықтар ғасыр соңына қарай еріп кетуі мүмкін.
Аталмыш мәселені зерттеу үшін Алматыда ЮНЕСКО жанынан Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығы құрылды. Қазақстандық және ресейлік мамандар 1970 жылдардан бері Тянь-Шаньдағы мұздың еру динамикасын бақылап келеді. Олардың айтуынша, Алтайдың мұздықтары орта есеппен жылына 20 метрге, ал Жоңғар Алатауының мұздықтары 40 метрге шегереді. Ал су ағынының азаюы жер асты мұзының еруімен тікелей байланысты.
Михаил Железняк, П. И. Мельников атындағы мәңгі тоңды зерттеу институтының директоры:
- Бұл ресурс мұздықтарға қарағанда тұрақты. Яғни, баяуырақ ериді. 2-3 жыл бойы қатты жылыну тіркеліп, мұздықтар жоғары шекараларға көтерілгеніне қарамастан Кіші Алматыда ағын азайған жоқ. Бұл тек тас глетчерлермен, жер асты мұздарымен байланысты. Мұздың қоры қанша уақыт бойы аймақты сумен қамтуға жететіні белгісіз. Оны бағалау үшін уақыт қажет, бірақ оның көлемі үлкен екені анық.
Осылайша, жерасты мұздары Орталық Азиядағы су тапшылығын жоюдың жаңа үмітіне айналды. Ал ғалымдардың міндеті – су ресурстарын пайдалануды тиімді үйлестіру және ол үшін зерттеу жүргізу.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.