Қазақстан Саха Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Саха Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуда.

Елімізде жыл соңында Якутияның мәдени күндері өтуі мүмкін, деп хабарлайды аймақ басшысы Айсен Николаев. Қаңтар айының соңында Саха республикасының басшысы мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі өтті. Кездесуде тараптар екіжақты қатынастардың дамуын талқылады. Бірінші кезекке қойылған міндеттің бірі - өзара сауда көлемін арттыру. 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Якутия арасындағы тауар айналымы шамамен 80 млн долларды құрады. Бұл - өткен жылғы көрсеткіштен он есе жоғары.

Айсен Николаев, Саха Республикасының басшысы:

- Біз IT-индустриядан бастап пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу мәселелеріне дейінгі ынтымақтастықтың өте үлкен перспективаларын көріп отырмыз. Әрине, қарым-қатынасты дамытуда мәдени байланыстар да маңызды рөл атқарады. Қазақстан Президенті бізге Якутияның мәдени күндері шарасын сіздің елде өткізуді ұсынды. Жыл соңында немесе 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында міндетті түрде осы іс-шараны өткіземіз, онда біз якут мәдениетінің барлық жетістіктерін көрсетеміз.