ҰҚШҰ аналитикалық жұмысты күшейтеді
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының біріккен штабы қатысушы елдердің жетекші ғылыми орталықтарымен талдамалық жұмыс жүргізуді көздейді.
Бұл туралы ұйымның Мәскеудегі штаб-пәтерінде өткен отырыста айтылды. Басқарушы құрамның кеңейтілген жиынында ұйымның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әскери-саяси жағдай және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады. Ол Ресей мен Беларуське жақын маңда әскери топтардың құрылу мәселесіне, Кавказ аймағындағы шиеленіске тоқталды. Ұйым одақтастарының аумағын экстремистік идеология мен террористік топтардың енуінен сақтау қажеттігін ескертті.
Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ бас хатшысы:
- Күн тәртібінде ұйымымыздың бүгінгі әлемдегі рөлі мен орнын айқындау, біздің иелігіміздегі ресурстар мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әлеуетті мүмкіндіктерін арттыру мәселелері тұр. Біз ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органдары арасында тығыз өзара іс қимылды жолға қою перспективаларын талқылауымыз керек.