Әлем елдерінде құстар қалай қорғалады?
1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Құстар – табиғат көркі дегенді жиі естиміз. Оған қоса адамзатқа келтіретін пайдасы да мол. Сондықтан қанаттыларды қорғау мен қамқор көрсету мақсатында 1906 жылы осы дата бекітілген болатын. Әлемде кұстарды қорғауда қандай шаралар атқарылады?
Біздің халық күміс көмей әншілерін бұлбұлға, аруларын аққуға, ержүрек жігіттерін сұңқарға теңейді. Кейбір түрін қолға үйретіп, еті мен жұмыртқасын азыққа, қауырсыны мен жүнін төсекке қолданды. Көнеде хандар мен сұлтандар бақтарын көркейту үшін тауыс пен тотыларды ұстаса, қарапайым халық береке болсын деп, үйлерінде қарлығаш пен тырналарды ұялатқан. 75 мемлекеттің елтаңбасында құстар бар. Қазақстан туында да бүркіт бейнеленген. Ал құсбегілік өнер әлемге кеңінен тарады.
Дегенмен кейде қанаттыларға әдейі зиян келтіретін жағдайлар да болып тұрады. Мәселен, жыл басында Кения үкіметі 6 млн құсты жоятынын жариялады. Қызыл тұмсықты тоқымашы деп аталатын құс елдің батысындағы күріш алқаптарын шоқып тастаған көрінеді. Экологтар үкімет қанаттыларды қырудың орнына олардың санын реттейтін шаралар қабылдауы қажет дейді.
Айта кету керек, 1958 жылы Қытай «бидайды шоқиды» деп торғайларды жаппай қырған еді. Расында келесі жылы бидай өнімі артты. Алайда торғайларға жем болған шегіртке мен зиянкес құрттар тым көбейіп, тағы бір жылдан кейін елде ашаршылық басталып, 10 млн-нан аса адамынан айырылды. Кейін Қытай билігі Кеңес Одағы мен Канададан торғай сатып алуға мәжбүр болды.
Жалпы, зиянкестермен күресте құстардың көмегі зор. Оңтүстік Африкада фермерлер осы мақсатта үйректерді пайдаланады. Олар қоңыз бен ұлуларды ағаштардан теріп жейді екен. Бұл шаруаларға қымбат пестицидтерді сатып алудан әлдеқайда тиімді көрінеді.
Зиянкестерді жоюда торғайлар алдына жан салмайды.Үндістанда қанаттыларға «батыр» деген айдар тағылған. Раджастхан штатында құстарды күтетін орталық жұмыс істейді. Қызметкерлерінің айтуынша, балапандар ұяларынан жиі құлайды екен. Сондықтан оларды қанаттары қатқанша асырайды.
Ал Катар астанасы Дохада айрықша емхана ашылды. Онда негізіген сұңқар тобына жататын құстарды емдейді. Орталық күніне жүзге жуық қанаттыны қабылдайды. Дәрігерлер күнде ота жасайды, вакцина салады. Құстар көп жағдайда вирустық және зең ауруларына шалдығады. Дәрігерлер сұңқарлар қымбат құстар, сондықтан иелері оларға ерекше күтіммен қарайды дейді. Оның үстіне Катарда сұңқармен аңға шығу – ежелден бар дәстүр.