Пәкістандағы тегін ұн таратылған орталықта қақтығыс болды
Пәкістанның Пешавар қаласында тегін ұн таратып жатқан орталықта қақтығыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елірген жұртты сейілту үшін тәртіп сақшылары газ шашып, әуеге оқ атқан. Ұнның өзі крикет ойынына арналған Хаятабад стадионында таратылған. Тегін әрі қат дүниеге жұрт көп жиылып, кезек көбейеді. Сөйтіп, кезекті көп күткендер шу шығарып, айналадағы мүлікті қирата бастайды.
Тап осындай қақтығыстар Шангла және Сват аудандарында болған. Үкімет инфляцияны тежеу үшін елдің біраз аумағында ұн тарату орталықтарын құрған.
Полиция мәліметі бойынша, соңғы күндері осы орталықтарда 16 адам опат болды. Арасында 5 әйел мен 3 бала бар. Ал Карачиде тіптен сорақы. Мұндағы ұн тарату орталығындағы қыспақта 11 адам опат болып, 60-ы жарақат алды.