Якутияда сакралды аумақтар заңмен қорғалады
Якутияда сакралды нысандарды заң қорғайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сондай орындардың бірі – Саха Республикасының мақтанышы – Лена бағаналары. Ежелгі жартастар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Осы жерде жергілікті халық дәстүрлі алғыс айту рәсімін өткізді.
Кейінгі жылдары Якутияда сакралды аумақтарды заңмен қорғауға көңіл бөліне бастады. Жергілікті халық үшін Саха Республикасының табиғи нысандары киелі саналады. Себебі оның мәдени-тарихи маңызы ерекше. Мысалы, мынау – Лена бағанасының ең биік нүктесі. Якутиядағы басты сакралды мекенге жергілікті халық қысы-жазы ағылады. Олар осы жерден күш алады. Кейін Алғыс рәсімін өткізеді.
Киелі рухтарға алғыс айту үшін бақсылар отты маймен, шелпек және қымызбен қоректендіреді. Дұға жасап, табиғат анадан халқына қорған болуды сұрайтын адамды «Алғысшит» дейді. Әдетте Лена бағаналарының етегіндегі өзен жағасында тазару және бата беру рәсімі көктем шыға ұйымдастырылады. Якуттар Жаңа жылды осылай қарсы алады.
Вячеслав Антонов, гид:
- Ең күшті құдай Тәңірі делінеді немесе Тенгри деуге болады. Міне, жергілікті халық осында келіп, якут топырағынан шыққан рухтардан ұзақ ғұмыр мен тек жақсылық сұрайды.
Якутия билігі сакралды аумақтарға аса ыждаһаттылықпен қарайтын жергілікті халықтың арқасында оның мәні мен маңызы еселене түсеріне сенімді, Бұл түсінік ұрпақтан-ұрпаққа тарайды. Сол себепті Саха Республикасы мұндай жерлерге ерекше мәртебе беруге күш салып жатыр.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.