Бірқатар елде суды пайдалануға шектеу енгізілді

Еуропада ауыз судың төрттен бір бөлігі ысырап етіледі.

Ысырапқа нашар инфрақұрылым мен су ресурстарын дұрыс пайдаланбауы себеп. Сондықтан суды үнемдеу туралы жиі айтылып жатыр. Құрғақшылықтан Еуропа ғана емес, Азия мен Африка елдері де зардап шегіп отыр. Біраз елде суды пайдалануға шектеу шаралары енгізілді.

Суды үнемдеу шараларын қолға алған елдердің қатарында Ұлыбритания бар. Сөйтіп 2038-жылға таман оны тұтыну мөлшерін 20 процентке азайту көзделіп отыр. Ал 2050 жылы әрбір британдық күніне тіршілік нәрінің ары кетсе 110 литрін ғана қолдана алады. Үнемдеу мақсатында сумен қамтамасыз ету жүйелерінде жаңа стандарттар енгізу де қарастырылған.

Франция

Франция президенті 2030 жылға таяу экономиканың барлық секторында суды тұтыну мөлшерін 10 процентке азайтуды талап етіп отыр. Жақында ол су ресурстарын сақтау жөніндегі жалпыұлттық жоспарды жария етті. Оған сәйкес, тіршілік көзін тұтыну тарифтерін көтеру қарастырылған. Сумен қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру жағы да көзделіп отыр. Жалпы Франция бірнеше жыл қуаңшылық зардабын тартып келді. Биыл жазда жағдай қайталануы мүмкін деген болжам бар.

Қытай

Қытай билігі де тәршілік нәрін ұтымды пайдалану жағына көп көңіл бөліп отыр. Сөйтіп, елдегі ең ірі өзен - Янцзыды қорғау бойынша қатаң шаралар қолға алынды. Өйткені оған экономиканың маңызды секторы - ауыл шаруашылығы тәуелді. Сөйтіп алдағы уақытта Янцзы өзенінің бассейнінде ұзындығы 64 мың шақырымнан асатын дамбалар салынып, 300 ірі суқойма пайда болады.

Тунис

Қуаңшылықтан әсіресе Африка елдері қатты зиян шегіп отыр. Бұл ретте Тунис билігі суды тұтыну бойынша шектеулер енгізді. Таза ауыз суды ауыл шаруашылығы қажеттеліктеріне қолдануға болмайды. Онымен қоғамдық орындарды тазалап, көлік жууға да рұқсат жоқ. Ереже 30-қыркүйекке дейін күшін жоймайды. Талапқа бағынбағандарға айыппұл салынады. Керек десеңіз, 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Африкадағы бұл мемлекет осымен төртінші жыл қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Жауын-шашын жаумағасын, елдегі таза ауыз судың қоры 30 процентке дейін азайған.   

Жұлдыз Атагельдиева