Балабақшадағы төрт баланы балталап кетті
Бразилияның оңтүстігіндегі балабақша ауласына кіріп кеткен 25 жастағы жігіт 4 баланы балталап өлтірді.
Олардың жасы 5 пен 7 аралығында болған. Тағы 4 жеткіншек жарақат алған. Блу-менау қаласында болған бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Полиция қаскүнемді кейін қамауға алған. Әзірге оның бұндай бассыздыққа не үшін барғаны белгісіз. Тергеу жүріп жатыр. Өткен аптада ғана Сан-Паулуда 13 жастағы жасөспірім мектепте мұғалімін пышақтап өлтірген болатын.
Франсиеле Чекито, ата-ана:
- Ұлым Габриел үйге түсте келетін. Бірақ бұл жолы таңертең келді. Өйткені балабақшаға шабуыл жасалыпты. Оның ұмытып кеткен заттарын алуға барғанымда бізді полиция ішке кіргізбеді. Бұл сұмдық нәрсе. Үрей, қорқыныштан арыла алар емеспін. Көз жұмған кішкентай қыздың біреуі менің ұлымның досы болатын. Балабақшаға бірге баратын.