Таяу Шығыста шиеленіс өршіп барады
Палестиналықтар Әл-Акса мешітіндегі жағдайға байланысты ереуілге шықты.
Жиналған жұрт “Хамас” туын желбіретіп, Израиль полициясының әрекетін қатаң айыптап отыр. Ашуға ерік бергенгендер көлік дөңгелектерін жағып, тәртіп сақшыларына тас лақтырды. Таяуда Израиль полициясы Құддыстағы Әл-Акса мешітінде таң намазына жиналған жамағатқа шабуыл жасаған. Салдарынан палестиналықтар мен еврей сақшылары арасында қақтығыстар болып, 350 адам тұтқынға алынған. Зардап шеккендер де бар.
Хазем Кассем, ереуілге қатысушы:
- Бүгін палестиналықтар жаппай бас көтерді. Бұл бассыздықты тоқтату керек. Қасиетті Рамазан айында мешітке жиналған жамағатқа шабуыл жасау ақылға сыймайды. Израиль полициясы бұл әрекеті үшін жауап беруі тиіс.
Түріктер Израиль полициясын айыптады
Израиль рейдтерін ресми Анкара қатаң айыптап отыр. Түріктер Таяу Шығыстағы қақтығыстарды дереу тоқтатуды талап етуде. “Әл-Акса барша мұсылмандар үшін қасиетті жер, мұнда бейбіт тұрғындарға шабуыл жасалды. Біз үнсіз отыра алмаймыз”, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Реджеп Тайип Ердоған. Сарапшылар мұсылмандардың ораза тұту кезі мен еврейлердің Пейсах мерекесі кезінде орын алған мұндай қақтығыстардың соңы әлем елдеріндегі шиеленіске әкеп соғуы әбден мүмкін деп отыр.