Гутерриш әлем елдерін бейбітшілікке шақырды
БҰҰ-ның басшысы Антониу Гутерриш Рамазан айында әлем елдерін бейбітшілікке шақырып отыр.
“Биыл Рамазан мен Пасха діни мерекелері қатар келіп тұр. Бұл жақсы белгі. Қазір дүние жүзі мемлекеттерінің халқы ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай бірігу керек” деп мәлімдеді Гутерриш. Белгілі саясаткер елдегі қақтығыстардан және саяси дағдарыстан қашқан босқындар лагерлеріне жыл сайын барып тұрады. Ол мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, өзара бірлестікке, сыйластыққа шақырады. Соңғы жылдары БҰҰ-ның басшысы Мали, Ауғанстан, Сенегал, Нигерия және тағы басқа елдерге осындай сапармен барған. Биыл Гутерриш қуаңшылық пен азық-түлік тапшылығанан күн көрісі қиындап кеткен Сомалиге баруды жоспарлап отыр.
Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның Бас хатшысы:
- Рамазанда барша елдер ынтымақтастыққа келу керек. Әлемдегі теңсіздікпен күресіп, қоғамдағы бірлік, ауызбіршілік насихатталуы тиіс. Барлығымыз бір жер шарында өмір сүріп жатырмыз. Түрлі сенімге, діни көзқарасқа қарамастан, жанжалға тап болған елдер бір мәмілеге келгені жөн.