Кубаны дағдарыс дендеді

Кубада экономикалық дағдарыс дендеп барады.

Мұның зардабы ел тұрғындарының қалтасына әсер етті. Тіршіліктің өзегі жанар-жағармай бірнеше айдан бері көзден бұл-бұл ұшты. 2 миллион адам тұратын Гаванада қоғамдық көлікпен жүру, тіпті оған міну мұңға айналған.

Ел астанасы Гаванада жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Бұдан қоғамдық көлік пен такси жүргізушілері де, қыдыруға келген туристер де зардап шегеді. Тұтынушылар сағаттап емес, тіпті бірнеше күн кезектерін күтеді. Десе де, есіл уақытты босқа жібермей, мызғып алатындар да бар.

Александр Перес, такси жүргізушісі:

- Мына бекетте 3 күннен бері жанар-жағармай жоқ. Осы 3 күн бойы тапжылмай кезекте тұрмыз. Мұнда ауылдан келгендер бар. Олар да үйіне қайта алмай тұр. Жанармай қайда және неге жоғалып кеткені түсініксіз.

"Бостандық аралында" жанармай тапшылығы бірнеше айдан бері жоқ. Тұрғындар айтқандай, бұл жетіспеушіліктің сыры әлі белгісіз. Ресми билік те әзір үнсіз. Анығы, Венесуэла биылдан бастап жеткізетін мұнай көлемін арттыруға келісті. Латынамерикалық ел қаңтарда 40 мың, ақпанда 52 мың, ал наурызда 76 мың баррель "қара алтын" жеткізген. Жұмысына қоғамдық көлікпен қатынайтын қалың бұқараның да жүйкесі жұқарған. Гавана тұрғындары автобусты сарылып ұзақ күтеді. Кешігіп келген көлікке сыймай келесісін күтуге мәжбүр болатындары қаншама.

- Үйімнен таңғы 4-те шығып, аялдамаға ерте келіп аламын. Әйтпесе 8 жарымда басталатын жұмысымнан қалып қоямын.

Қоғамдық көліктің аздығына да жанармай тапшылығы себеп. Сондай-ақ қаланың көлік департаменті 878 автобустың 435-і ғана жүруге жарамды дейді. Яғни 51 пайызы істен шыққан.

Морайма Рейес, автобус паркінің инспекторы:

- Қоғамдық көліктердің дені ескірген. Жарылған дөңгелек пен бұзылған қосалқы затты ауыстыратын қосымша бөлшектер де қалмады.

Елдің Көлік министрі бұзылған қоғамдық көліктерді жөндеу және жаңарту үшін жыл сайын 40 миллион доллар қажет дейді. Ал қазіргі ел бюджеті қаржы бөлуге қауқарсыз.

Ернат Қашқынов