Өзбекстан аяқ-киім өндірісін қолға алды
Өзбекстан аяқ-киім өндірісін мықтап қолға алды. Экспорт көлемі жарты млрд долларға жеткен.
Ішкі нарықта отандық өнім көбейіп, импортқа сұраныс азайып отыр.
Бұл - ұзын-ырғасы 17 елдің өкілі жиналған көрме. Жүгі ауыр жеңіл өнеркәсіп саласына арналып отыр. Қазақстаннан алматылық аяқ-киім фабрикасы бой көрсетті. Кәсіпорын отандық өнімін шетелге шығарып жүр. Сапасы жоғары. Ресейден жыл сайын тапсырыс түседі.
Қайрат Дүйсенғалиұлы, фабрика директорының орынбасары:
- Күніне 2500 жұп аяқ-киім шығарамыз. 500-600 жиынтық киім тігіледі. Мекемеде 700 адам жұмыс істейді. Өзбекстан тарапына көп рақмет. Шақырып, мекемемізді біраз жерге таныстырып жатырмыз.
Өзбекстанда мұндай өндіріс ошақтары біршама көп. Жергілікті деңгейде бизнеске кешенді қолдау көрсетіледі. Бір ғана аяқ-киім тігуден мемлекет жылына 7 трлн сом пайда көріп отыр. Нарықта қытайлық өндірушілер де бар. Шетелдік инвестор ретінде кәсіп ашып, бизнесін өрістеткен.
Ли Хон, фабрика директоры:
- 2017 жылы ашылдық. Әйелдерге арналған аяқ-киім шығарамыз. Өзбекстанда әзірленген брэндіміз бар. Ел нарығына белгілі. Шикізаттың жартысы Қытайдан әкелінеді. Ташкент облысында толыққанды фабрика құрып, аяққа тұрғызып алдық. Енді шетелге өнім жөнелту үшін жұмыс істейміз.
Көрме Түркия, Ресей, Италияның белгілі брэндтерін ел нарығына тартуды көздейді. Өзбекстан шетелдік компанияларды ынталандыруға дайын. Биыл елдің аяқ-киім экспорты 700 млн долларға жетеді деген болжам бар.
Дилобар Зуфарова "Узчармсаноат" қауымдастығының экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы:
- Біздің қауымдастық 2018 жылы кешенді жұмыстарды қолға алды. Сала өз алдына бөлек құрылым ретінде қарастырылып отыр. Президентіміз ерекше көңіл бөледі. Көп адамға жұмыс берілді. Осыдан 5 жыл бұрын тек 500 млрд сомның өнімі шығарылса, қазір көрсеткіш 7,7 трлнға жетті. Оның ішінде экспортқа 700 млн доллардың өнімі жөнелтіледі.
Ала шапанды ағайын қаракөл қой шаруашылығын да сақтап қалып, терісін шетелге экспорттап келеді. Шикізат базасы бай. Демек кластерлік шаруашылық құруға мүмкіндік мол. Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы енді осы істі қолға алуды көздеп отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев