Сирия мен Ливанда қымбашылық Рамазан айының шырқын бұзды
Ливанда азық-түлік қымбаттап инфляция 139%-ке жетті. Тұрғындардың тұрмысы нашарлап кеткен. Гуманитарлық дағдарысқа қарамастан ауыз бекіткен жандарға тегін тамақ таратылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл сириялықтар үшін ең ауыр Рамазан айының бірі болды. Соғыстан зардап шеккен елдегі жағдай онсыз да мәз емес еді. Ал ақпандағы алапат зілзаладан кейін ахуал тіптен қиындап кетті. Өйткені табиғат апатынан кейін қираған үйде есеп жоқ. Салдарынан тұрғындар далада тігілген шатырларда өмір сүріп, осында аузын ашуға мәжбүр.
Хадиджа Әл-Хасан, жергілікті тұрғын:
- Атыс-шабыс кесірінен былтыр үйіміз опырылып құлап, баламды басып қалған еді. Биыл жер сілкінісі кезінде тағы бір ұлымнан айырылып қалдым. Бұрын бәріміз бірге бір дастархан басына жиылып, ауыз ашатын едік. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. 6 немереммен жалғыз қалдым.
Қымбашылық Рамазан айының шырқын бұзды. Ливан жұрты осылай деп отыр. Мемлекет өз тарихындағы ең ауыр дағдарысқа тап болған. Салдарынан инфляция 139%-ке жеткен. Сондықтан тұрғындарда бұрынғыдай аста-төк дастарха жаятын жағдай жоқ.
- Бұрын балықтың басын қоқысқа лақтырып тастайтынбыз. Қазір тұрғындар содан сорпа пісіруге мәжбүр. Жағдайымыз не боп бара жатыр?
- Бұрындары ең құрмағанда тауық етінен тамақ жасап жеуші едік. Қазір оған да жете алмай қалдық. Тауық былай тұрсын, көкөністің бағасы қалтаны қағады.
Пәкістанды да қымбатшылық жайлады. Өткен айда инфляция 35%-ке жеткен. Бұл – 1965 жылдан бері болмаған жағдай. Салдарынан азық-түлік қымбаттап кеткен. Осыған байланысты билік Рамазан айы кезінде мұқтаж отбасыларға тегін тамақ тарату бағдарламасын іске қосқан.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.