Тайвань тағдыры тағы саяси дауға айналды

АҚШ пен Қытайдың арасында тағы текетірес басталды. Бұл жолы да Тайвань мәселесі көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Даудың басы арал басшысының Америкаға баруынан басталған. Бейжің осыған тоңторыс. Қол қусырып отырмайтынын да мәлімдеп үлгерді.

Тайвань тағдыры тағы саяси дауға айналды. Оған Цай Инвэньнің АҚШ-қа баруы себеп. Алақандай аралдың басшысы тақауда транзит арқылы Америкаға аялдап, өкілдер палатасының спикері Кевин Маккартимен кездескен еді. Бұл Қытай билігінің қытығына тисе керек, бірден наразылық білдірді.

Мао Нин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- АҚШ Тайваньмен сөз байласып, аралдың тәуелсіздігін жақтайтын сепаратистерді қолдап отыр. Транзиттік сапар деген желеумен олар ресми кездесу өткізіп, өзара қарым-қатынасты нығайтуға кіріскен. 

Қытай Құрама Штаттар мен Тайвань арасындағы кез келген байланысқа қарсы. Сыртқы істер министрлігінің өкілі: «АҚШ өз сөздерінен тайып, қару жеткізу мен әскери одақ арқылы арандатушылықты әлі жалғастырып келеді», - деп айыптады.

Мао Нин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Бұл Бір Қытай қағидатын қатаң бұзады. Елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына үлкен зиян келтіреді және «Тайвань тәуелсіздігін» жақтаушыларға қате сигнал жібереді. Қытай өзінің ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін табанды шешім қабылдайды. 

Тайвань басшысы да дәл осындай пікірде. Оның айтуынша, АҚШ-қа жасалған сапар аралдың ешкімге бас имейтінін, ешқандай қысымға көнбейтінін көрсетті.

Цай Инвэнь, Тайвань әкімшілігінің басшысы:

- Тайваньға қысым көрсетіліп, қауіп төндірген кезде біз одан сайын біріге түсетінімізді әлемдік қауымдастыққа көрсеттік. Біз ешқашан берілмейміз. Әлеммен байланыста болуды да доғармаймыз.

Америка осы аралға ары қарай қолдау көрсете бермек. Жуық арада қару-жарақ жеткізуге де ниетті. Тайваньда жүрген өкілдер палатасының өкілі тіпті Қытай Тайваньға басып кірмес бұрын жеті өлшеп, бір кесуі керек екенін де баса айтты. 

Майкл Маккоул, АҚШ-тың өкілдері палатасы сыртқы істер жөніндегі комитеттің төрағасы:

- Қақтығыстың болғаны ешкімге керек емес. Біз бейбітшілік пен өркендеудің болғанын қалаймыз. Сондықтан коммунистік Қытайдың осы бір керемет аралдың жағалауына келмеуі үшін бәрін жасауға дайынбыз.

Сарапшылар Цайдың АҚШ арқылы жасаған транзиті жеке мүддені қанағаттандыру үшін ойластырылған қойылым екенін айтады. Былтырғы сайлауда оңбай жеңілген Цай Демократиялық прогрессивті партия басшылығынан кеткен еді. Енді бәсекелестеріне мұрша бермеудің амалымен жүр, - дейді Тайваньды зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

Се Нань, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы Тайваньды зерттеу институтының ғылыми қызметкері:

- Цай Инвэнь Тайвань басшылығында соңғы кезеңін өткізіп жатыр. Сондықтан ол Тайваньда өзіне лайық позицияны табуы керек.

Қазір қытайдың жағалау күзеті Тайвань бұғазын торуылдап жүр. Фуцзянь провинциясының теңіз қауіпсіздігі әкімшілігі кеше осындай бейнежазба жариялады. Бұл – жүк кемелері мен баржаларды тексеру операциясы, - дейді аталған провинция билігі. Десе де бұған күмәнмен қарайтындар бар. Мәселенің мәнісі: Тайвань мен Қытай арасындағы шиеленіс талайдан  жалғасып келеді. Қазір Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытайдың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде – тәуелсіз ел. Қытай билігі әлі күнге дейін Тайваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ Тайбей билігі мұндай жобаға мүлдем қарсы.

Авторы: Ғани Мұқашұлы.