Грузияда сакура гүлдеді
Грузияда сакура гүлдеді. Жапонияға тән өсімдіктің Тбилисидегі Ботаника бағында өсіп тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды.
Әр көктем сайын қала тұрғындары жиылып, Жапон мәдениеті күніне орай Сакураның гүлденген сәтін тамашалайды.
Сакураның бүршік жарғанына қарап жапондар "Әдемілік мәңгілік тұрмайды, өмір де тез өтеді" деген тәмсіл айтады. Соңғы жылдары Тбилиси тұрғындары осы пәлсапаның мәніне терең бойлап жүр. Ботаника бағына алғашқы көшеттер 6 жыл бұрын тұрғызылған болатын.
Софо Метревели, ботаника бағының пиар-менеджері:
- 2017 жылы "Жапон бұрышы" құрылды. Бұл іске Тбилиси мэриясы мен Грузиядағы Жапония елшілігі қолдау білдірді. Біздің тұрғындар бұл жерді өте жақсы көреді. Биыл Сакураның бүршік жаруы көктеммен сәйкес келіп тұр.
"Жапон бұрышында" күншығыс елінің мәдениетімен жан-жақты танысуға болады. Мұнда шағын көпірлер, сәулетті мүсіндер салынған. Өсімдік тіптен көп. Көздің жауын алады.
Тамара Двали, Тбилиси тұрғыны:
- Сакураның гүлденген сәті - өте қызық болды біз үшін. Ауа райы да күшті болып тұр. Суретке армансыз түстік.
Қонақтардың зор қызығушылығын тудырған тағы таңсық дүние жапондардың шай ішу рәсімі болды. Биыл оны Грузиядағы Жапон елшісінің жұбайы жүргізді. Жиналғандар күншығыс елінің тәтті тағамдарынан ауыз тиіп, түрлі шеберлік сабағына куә болды.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина