Испанияда мектептегі тағам сапасына сын көп
Кейінгі бір жылда Испанияда артық салмақтан арыла алмай жүрген балалар саны 40%-ке өсті. Бұл туралы Валенсия халықаралық университетінің ғалымдары мәлімдеді. Испанияның педиатрия қауымдастығы мектеп тағамдарына қатысты сын айтып, семіздік ұлтқа төнген қауіп, - деп дабыл қақты.
Виктор Мираес Валенция қаласындағы мемлекеттік мектепте аспазшы болып жұмыс істейді. Білім ордасының аумағында түрлі көкөніс өсіріп, оқушыларға тіл үйіретін тамақ әзірлейді. Орта мектепте күніне 2 рет тамақ беріледі. Ата-аналар асқа айына 80 мен 170 еуро шамасында ақша төлейді.
Виктор Мираес, аспаз:
- Өз ісімді қатты жақсы көремін. Бір өкініштісі, қазір мектептерде бізде сияқты арнайы асхана жоқ. Білім ордаларының 90%-і тамақты арнайы тапсырыспен алдыртады. Бұл, әрине, астың сапасына әсер етеді. Демек балалардың денсаулығына да зияны бар.
Испаниядағы мектеп тағамдарына қатысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде ата-аналардың 94%-і оқу ордасындағы ас мәзірінің сапасын жақсарту керек деген пікір білдірген. «Kantar» деп аталатан зерттеу компаниясы 2 мыңнан астам ата-анадан сұрастыра келе, мектеп тағамдарында сапалы маусымдық көкөністер мен жемістердің жетіспейтіндігін анықтапты. Соңғы жылдары ас мәзіріне қосылған түрлі шұжықтарға ата-аналар қарсы болған.
Клара Мартинес, ата-ана:
- 4 балам бар. Сондықтан мектептегі ас мәзірлерін жақсы білемін. Жыл сайын тамақтың сапасына қатысты айтылған сын көп. Астан аллергия тудыртатын өнімдер ескерілгенмен, соңғы жылдары жеміс-жидек пен көкөніс аз мөлшерде беріледі.
Соңғы бір жылда Испанияда артық салмақ қосқан балалар саны 40%-ке өскен. Қоғамдық ұйымдар мектептегі ас мәзірлері жөнге келмесе, жағдай бұдан әрі ушығады деп отыр.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.