Пиреней мұздықтары шегініп барады
Испан ғалымдары Пиренейдегі мұздықтарының шегініп бара жатқанына алаңдаулы. Өйткені оның көлемі кәдімгідей азайып кеткен. Мамандардың айтуынша, алдағы 10 жылда мұздықтар мүлдем еріп кетуі мүмкін.
Бүгінде әлемдегі өзекті мәселелердің бірі мәңгілік мызғымастай көрінетін мұздықтардың еруі болып тұр. Жердің асты мен үстінде жатқан ақ құрсау кесек-кесегімен опырылып жатыр. Бұл құбылыс әсіресе Пиреней тауларында қатты байқалады.
Хуан Игнасио Лопес Морено, мұздықтарды зерттеуші ғалым:
- 1984 жылы жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша, Пиренейде 45 мұздық болатын. Бүгінде олардың 17-сі ғана бар. Биыл тағы төртеуін тізімнен алып тастамақпыз. Бесеуі жылдам еріп барады. Келер жылы тексеріс жүргізіп, оларды мұздық қатарына қосу-қоспау туралы шешім шығарамыз. Жалпы, 1984 жылы мұздықтардың көлемі 800 гектардай болса, бүгінде солардың 160 гектары ғана қалған.
Мұздықтардың еруіне бірінші кезекте климаттың өзгеруі себеп. Жағдай осылай жалғаса берсе, одан келер қауіптің адамзатқа оңай тимесі анық, - дейді ғалымдар. Өйткені шартараптың экономикасына да, экологиясына да орасан шығын әкелмек.
Хуан Игнасио Лопес Морено, мұздықтарды зерттеуші ғалым:
- Мұздықтар мәселесі – тұтас Орталық Азия өңірі бойынша өте өзекті мәселе. Себебі олар негізгі су көзінің бірі саналады. Мұз қабаттарының еруі ірі көлдердің пайда болуына әкеліп, арты су тасқынына ұласуы мүмкін. Сәйкесінше тұрғындар зардап шегеді. Мұзды көріп өскен азаматтар қазір олардың жойылып бара жатқанының куәсі болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлемдегі мұздықтар 40-50 жылдан кейін жоқ болатыны айтылса, 10-ақ жылдан кейін Пиренейдегі ақ құрсаудан ештеңе қалмайтын сияқты.
Жалпы, Жер бетінде соңғы тіркелген кіші мұз дәуірі XIV-XIX ғасырлар аралығында болған. Содан бері әлемдегі алып мұздықтар үздіксіз еріп келеді.
Авторлары: Ғани Мұқашұлы, Дәулет Ибраев.