Бішкекте бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Бішкекте бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Шенеуніктер көпқабатты тұрғын үй құрылысына қатысты заңсыз құжаттар әзірлеген. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тексеріс нәтижесінде құрылыс тығыздығының нормативтік деңгейі бұзылғаны анықталды. Түркиядағы жер сілкінісінен кейін Қырғыз билігі нысандарға жаппай тексеріс жүргізген еді.
Қырғызстан Бас прокуратурасы құрылыс компанияларына тексеріс жүргізіп, бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, "Бішкек бас архитектурасы"," «Кадастр» бішкек филиалы және Мемлекеттік сараптама департаментінің қызметкерлері лауазымдық жағдайын теріс пайдаланғаны анықталды. Олар қала құрылысы мен жер учаскесіне арналған құжаттарға, кадастрлық жоспарға жалған мәліметтер енгізген. Тексеріс барысында елдің астанасында салынып жатқан тұрғын үйлер сапасына қатысты бұдан да көп заң бұзушылық анықталуы мүмкін. Бұл мәселе, қырғыз Парламенті деңгейінде көтерілді.
Балбақ Төлобаев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңес депутаты:
- Есік ата аймағын толығымен тексерістен өткізіп, бұл жерде тұратын барлық азаматқа түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Табиғи апат болған жағдайда, аймақтағы тұрғын үйлер сапасының сын көтермейтінін айту қажет.
Түркиядағы қайғылы апаттан кейін Қырғызстан Парламенті депутаттары Бішкекте салынып жатқан көпқабатты үйлерді тексеру үшін комиссия құрды. Құрылыс компанияларын сертификаттауға және лицензиялауға жауапты мемлекеттік құрылымдар жұмысы сынға ұшырап, сейсмикалық стандарттар сәйкестігіне күдік туды. Шенеуніктердің айтуынша, қазір Бішкекте 314 жаңа ғимарат бар. Олардың барлығы кемі 8 қабатты және әрқайсысы рамалық құрылыс әдісімен салынған.
Бақтыбек Сыдықов, Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңес депутаты:
- Құрылыс секторын қатаң бақылау керек. Өйткені, кез келген деңгейдегі лицензияны ғаламтордан сатып алуға болады. Яғни, әртүрлі құрылыс фирмалары пайда болған. Сапасыз үй мәселесін шешу үшін, бұл тәртіпсіздікті ретке келтіру қажет.
"Бішкек бас архитектурасы" мәліметі бойынша, Бішкекте қазір 3 400 көпқабатты үй бар. Олардың көпшілігі Кеңес заманында салынған. Алайда, мамандар ескі үйлердің емес, аз уақытта салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендерінің сапасына күмән тудырып отыр.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Бақыт Чермашев