Өзбекстан шетелден қарыз алды
Өзбекстан жаңартылған энергия саласын дамыту үшін шетелден қарыз алды.
Жалпы сомасы 176 млн доллар берешек Дүниежүзілік банк тарапынан мақұлданды. Қаражат ғимараттарға күн панелін орнатуға бағытталып отыр. Көршіміз энергетикалық дағдарысты еңсерудің, осындай амалына кіріскен.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстанда қазір ең тиімді қуат көзі күн болып отыр. Жаз шырайлы ауа райы қосымша электр энергиясын өндіруге сеп. Мемлекет халықты осыған ынталандырып жатыр. Егер жеке кәсіпкер немесе тұрғын шатырына күн панелін орнатып, табиғи жолмен қуат көзін алса, мүлік және табыс салығынан босатылады. Жарлық 1 сәуір күні күшіне енген.
Сайдазим Сайдвалиев, кондитерлік фабрикасының бас инженері:
- Фабрикамыздағы 100 шаршы метр жерге 50 квттық күн панельдері орнатылды. Қазіргі көрсеткіштер жаман емес. Алдағы уақытта 500 квттық қондырғыны іске қосқымыз келеді. Күннен алынып жатқан қуат қажетімізге жарап жатыр.
Көрші ел билігінің жаңартылған энергияға деген бастамаларын Дүниежүзілік банк та қолдап отыр. Қаржы ұйымы 5 жыл жеңілдік мерзімімен 176 млн доллар берешек берді. Қарызды игеруге үкімет жауапты. Оған ұзын-саны 800 білім беру, медицина және балабақша мекемесінің жабдықтарын жаңартып алу міндеттелді. Ең алдымен ғимараттар күн панелімен қамтылады.
Эльёр Эргашев, Ташкент қаласы Чилонзор ауданы хәкімінің көмекшісі:
- Ауданымыздағы 35 көпқабатты үйде арнайы панельдеріміз бар. Жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Қуаттылығы 80 кВт. Нәтижесінде үйлерге қажетті энергияның тек үштен бірін мемлекеттен алып жатырмыз.
«Бұл мәжбүрлік емес, уақыт талабы», - дейді үкіметтегілер. Жер-жерде баламалы энергияға көшу ісі қарқын алып жатыр. Өзбекстан билігі осы істің тиімді нәтиже беретініне сенімді. Себебі энергетикалық дағдарыс - елді толғандырып отырған негізгі мәселе. Оның өзектілігі өткен қыс маусымында анық байқалды.
Рауан Мыңбаев