АҚШ-та аборт төңірегіндегі дау-дамай басылмай тұр
АҚШ-та аборт төңірегіндегі дау-дамай басылмай тұр. Осы елдің Әділет министрлігі Техастың түсікке арналған дәрі-дәрмек туралы қаулысына шағым түсірді.
Ақ үйдің ресми өкілі Сот шешімі жүктілікті тоқтатқысы келетін әйелдердің денсаулығына қауіп төндіретінін айтты. Бұған дейін жасанды түсік жасатуға арналған препараттың сатылуына Техас штатында тыйым салынса, Вашингтондағы тағы бір сот керісінше шешім шығарды.
«Өткен жұмада АҚШ-та абортқа және түсіктен кейін ем-шараға арналалған препаратты сатуға Техас штатының соты тыйым салды. Арада 20 минут өткенде Вашингтон штатының соты керісінше шешім қабылдайды. Бұл демократтар мен республикашыл штаттар арасындағы көптеген теке-тірестің бірі ғана. Осы жолы мәселе жыл сайын жарты миллион әйел қолданатын препаратқа кеп тіреліп тұр. Ақ үй бірден мәлімдеме жасап, 20 жылдан астам кеңінен қолданылып келген дәріні сатпау туралы Техас сотының шешімін айыптады.
Жан-Пьер Карин, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
- Соттың бұл шешімі жасанды түсік үшін ғана емес, сонымен қатар аборттан соң әйелдер емделуге қажет дәріні таба алмай қиналуына әкеледі. Егер шешім күшінде қалса, бұл әйелдердің денсаулығына қауіп төндіреді және үкіметтің науқастарды препараттармен қамтамасыз ету қабілетіне нұқсан келтіреді.
Екі штаттағы Соттың қарама-қарсы шешімдері америкалықтарды шатастырып тастады. Онсыз да түсік төңірегіндегі дау-дамай қоғамды екіге жарып тұр. Аборт жасау құқы АҚШ-тағы ең даулы саяси мәселе саналады. Әсіресе діни тұрғыдағы азаматтар мен республикалық партияның көп бөлігі біраз жылдан бері түсікті шектеуге немесе мүлдем тыйым салуға тырысып келеді. Ал демократтар мен әйелдер қауымы «менің ағзам, менің құқым» деген принцпті алға тартады.
Амелия, Вашингтон тұрғыны:
- Меніңше соттың бұл шешімі дұрыс емес. Шынымен денсаулығына байланысты түсік жасатуы тиіс адамдарға қауіпті жолмен аборт жасатуға итермелейді. Соның кесірінен адам денсаулығына қауіп төнеді немесе зардап шегуі ықтимал ғой.
София, Вашингтон тұрғыны:
- Меніңше әйелдерге кіммен болуды, сәби сүйуді немесе түсік жасатуға араласып, шектеуге ешкім қақысы жоқ. Бала көтертпейтін препараттарды қабылдау арқылы-ақ әйел өз денсаулығына жауап береді.
FDA немесе азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы мифепристонды 2000 жылы қолдануға рұқсат берген. Алайда 20 жылдан астам қолданылып келген бұл дәріні Трамп тағайындаған Техас штатының соты сатуға рұқсат бермейтін шешім қабылдады. Дәл осы уақытта демократтарды қолдайтын 17 штатта препаратты шектеуге ешқандай өзгеріс енгізбеу туралы бұйрық қабылданды. Қарама-қайшы шешімді енді Жоғарғы Сот қаруы мүмкін.