НАСА Марстағы өмірге дайындықты бастап кетті
Марста тіршілік ету оңай емес. Өйткені «Қызыл ғаламшарда» ауа жоқ. Бірақ НАСА биылдан бастап бір топ адамды өзгеше өмірге бейімдеуді бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Күн өткен сайын Марсқа бару құр сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. НАСА бар жауапкершілікті мойнына алды. Олар Хьюстондағы Ғарыш орталығында «Қызыл ғаламшардағы» жағдайға ұқсас құм төселген орта жасап қойды. Бір қарағанда, Жердегі үйреншікті үй сияқты. Демалатын 4 және жуынатын 2 шағын бөлмесі бар. Сондай-ақ жаттығу залы мен медициналық бөлме де қарастырылған.
Грейс Дуглас, НАСА ғалымы:
- Марстағы шектеулі, мүлде өзгеше ахуалға бейімдейтін бұл нысан адамдардың 1 жыл оқшауланып өмір сүруіне лайықталып жасалған. Бұл орында адамның денсаулығы мен өнімді әрекет ету, жұмыс істеу қабілеті сыналады. Сырттан мұнда кірген кісі кір киімін таза киімге ауыстырып, таза бөлмеге өтеді. Түрлі шөп-шалам, қызанақ және дақылдарды салат сияқты өсіріп-дайындауға арнайы алқап жасалады. Бұл тұрақ 3D принтер арқылы жасақталған.
Марста ең зәру зат су болмақ. Сондықтан тіршілік нәрін үнемдеп пайдалану – ең өзекті мәселе. Оған да қазірден дағдылану қажет, - дейді ғалымдар. НАСА 4 адамды таңдап, оларды осы жаздан бастап 1 жыл бойы сынаққа салады. Осы уақытта үміткерлердің ақыл-ой және бір-бірімен қарым-қатынас жасау қабілеті тексеріледі.
Сюзанне Белл, НАСА-ның мінез-құлық саулығы зертханасының жетекшісі:
- Оқшаулану, қамақта болу және Жерден алыста өмір сүре білуден басқа, қасындағы адамдармен тіл табысу қабілетін де сынаймыз. Тар жерде тіршілік етудің жүйкеге қаншалықты салмақ түсіретінін бағамдаймыз.
Сондай-ақ бұл адамдар капсуладан сыртқа шығып, сосын ішке қайта кіріп, үйренуі тиіс. Ғалымдар осы дағдылардың бәрі 7 жылдан кейін адамзатқа ауадай қажет болады дейді. Себебі НАСА Марсқа алғашқы адамдарды 2030 жылы аттандыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дмитрий Димитриев.