АҚШ-та құпия құжаттарды тарату бойынша қылмыстық іс қозғалды

Пентагон құпия құжаттарды кім таратқанын табу үшін барын салады. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин осылай деп мәлімдеді. Жоғары лауазымды шенеунік тыңшылық деректер жария болғалы бірінші рет брифинг берді. Ол құпия құжаттарды әлеуметтік желіге кім жүктегені табылмайынша тергеу тоқтамайтынын айтты. АҚШ Әділет министрлігі осы іс бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

- Қорғаныс министрі Ллойд Остин Америка Құрама Штаттарының барлау қызметіне қатысты құпия құжаттарды кімнің қандай мақсатта таратқаны тергеліп жатқанын айтты. «Құпия» және «Аса құпия» санатына жататын 50-ден астам құжат наурыз айында түрлі әлеуметтік желіде жария болған. Онда Ресей мен Украина әскерінің саны, қару-жарақ пен сарбаздарды жеткізу кестесі тәрізді құнды ақпарат пен басқа да әскери мәліметтер бар. Тіпті Ресейдің күшті және осал тұстары туралы да жан-жақты сарапталған. Құжат тұпнұсқа болса, АҚШ-тың қарсыластары одан өзіне қажетті мәліметтерге қол жеткізді деген сөз. Көпшілікке арналмаған жасырын деректердің жаһанға жария болуы АҚШ беделіне нұқсан да келтіруі мүмкін. 

Ллойд Остин, АҚШ Қорғаныс министрі:

- Біз бұл жағдайға өте үлкен назар аударып отырғанымызды айтқым келеді. Сондықтан тергеу егжей-тегжей жүреді. Біз әрбір тастың астын ақтарып, оны кім істегенін, қандай мақсатта жариялағынын анықтаймыз.

Пентагон басшысы құжаттардың 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында жарияланғанын білген. Қазір тергеушілер жасырын материалдарды таратуға кімдер мүдделі болғанын анықтауға кірісті. Дерекердің жариялануы 2013 жылғы WikiLeaks сайтында мыңдаған құжаттар жанжалынан кейін АҚШ билігіне кесірі тиетін оқиға болуы мүмкін. Ашылып қалған құжатта батыс елдерінің біріне тиесілі арнайы жасақтар Украинада жүргені жазылған. Кейбір ұлттық қауіпсіздік сарапшылары мен шенеуніктер құжаттарда қамтылған тақырыптардың кеңдігін ескере отырып, оны АҚШ азаматтары  таратуы мүмкін деп күдіктенеді. 

Томас Рид, Дж. Хопкинс университетінің профессоры:

- Соңғы 13 жылда біз көптеген барлау ақпараттарының таралып кеткенін көріп отырмыз. Демек АҚШ-тың барлау қызметі өз жұмысын тәртіпке келтіруі керек деген сөз. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Ешбір ел мұндай ауқымда мәліметтерді жария қылып отыра алмайды. Мысалы, Ұлыбританияда осындай жайттың қайта-қайта болатынын елестетіп көріңіз. АҚШ осы уақытқа дейін Ұлыбританиямен барлау алмасуды тоқтататын еді. 

Соңғы 100 жылда АҚШ-тың барлау қызметіне қатысты құпия құжаттар 4 рет әшкере болды. Бұл жолы бесінші мәрте ашылып қалды. Сарапшылар мен зейнеттегі бұрынғы барлау қызметкерлері осыншама көлемдегі ақпараттарың жария болуы өте ыңғайсыз жағдай деп бағалайды. Тіпті осы ғасырдағы ашылып қалған ең ауқымды жасырын ақпараттың бірі деп отыр.

Авторы: Нұрбек Бекен.