Кения халқы суды гейзерлерден алып жүр

Кенияда халықты ауызсумен қамту – ең өзекті мәселе. 56 млн тұрғыны бар елде 28 млн азаматқа таза су жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Накуру округінде адамдар тұщы суды гейзерлерден шығатын будан жинайды. Бұл үшін ыстық су көздері байқалған жер қазылып, құбырлар мен құтылар қойылады. Гейзерлерден шыққан бу құты ішінде суға айналады. Тұрғындар оны ішуге болатынын айтады.

Тұрғын:

- Біздің өңірде тұщы суды алатын өзендер мен көлдер жоқ. Сондықтан ауызсуды осындай әдіспен аламыз. Бірақ мұндай жолмен көп су жинай алмайсың.

 

КАЛИФОРНИЯ ҚОЙМАЛАРЫ СУҒА ТОЛДЫ

Ал АҚШ-тың Калифорния штатында биыл қыста қар мен жауын-шашынның мол болуы өңірдегі ауызсу қорына оң ықпалын тигізді. Нәтижесінде аймақтағы 17 су қоймасының 11-іне тіршілік нәрі әдеттегіден көп жиналған. Калифорнияда кейінгі 3 жылда құрғақшылық жайлап, халық көп зардап шеккен еді.

Карла Немет, Калифорния су ресурстары департаментінің директоры:

-Гидрологиялық тұрғыдан алсақ, Калифорнияда қуаңшылық аяқталды деп айтуға болады. Бірақ штаттың солтүстік бөлігінде ауызсумен қамтуда әлі де қиындықтар тууы мүмкін. Себебі аймақтың бұл бөлігінде биыл қыста жауын-шашын аз болды.