Оңтүстік Кореяда көне ғимараттар жасыл технологиямен жаңғырады
Оңтүстік Кореяда ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіру мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. Жобаның тағы бір ерекшелігі –атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту. Ең алдымен, мемлекеттік мекемелер мен оқу орындары жасыл технологияға көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сеулдегі шет тілдер университетінің кітапханасына биыл 50 жыл толады. Жергілікті билік 2 жыл бұрын бұл ғимаратты бұзбай жөндеу жұмыстарын жасауды ұйғарды. Терезенің орнына аргонмен толтырылған шыны орнатылды. Сырттағы дыбыс естілмейді әрі ғимараттың жылу ұстауы жақсарған. Электр энергиясының 10-нан 50%-ке дейінгі қуатын, яғни 130 киловатты күн батареяларынан алады.
Ким Чжэ Чжун, шет тілдер университетінің құрылысты жоспарлау тобының жетекшісі
- Бұрын қабырға қалындығы 200 миллиметр болса, қазір 500 миллиметрге жетті. 3 миллиметрлік шыны қалыңдатылып, ауыстырылды. Бұрын жылу шығындары 70%-ке болса, қазір ол 10%-ке дейін қысақарды.
Ал мына балабақша 41 жыл бұрын салынған. Қабырғалар мен терезелер оқшауланған соң мұндағы энергия тұтынуы жылына 2 мың кВт-қа қысқарды. Ішіндегі ауа сапасы тәулік бойы бақыланады.
Ким Ги Джон, балабақша директоры:
- Желдеткіш орнатудың арқасында ауа сапасы жақсарды. Қалыңдыңы 3 қабаттық әйнек орнатылды. Олар жазда ыстықтан, ал қыста іштегі жылуды сақтайды, сондықтан бөлме жылы болады.
Сеулдегі мөлтек аудандардың бірі – Кандонг әкімдігі ғимараты да энергияны үнемдейтін нысанға айналды. 2016 жылға дейін бұл нысан аудандық полиция басқармасы болған. Қазір уақытша ұстау изоляторы дәмханаға айналды. Келушілер жөндеу кезінде қандай құрылыс материалдары пайдаланылғанын көре алады.
Владислав Цой, тілші:
- Аудан әкімдігі ғимаратының шатыры толықтай жөнделді. Мұнда қазір қызметкерлердің демалыс аймағы орналасқан. Сондай-ақ шатырдың басым бөлігінде күн батареялары орнатылған. Жайма шуақ ауа райында баламалы энергия ғимарат сұранысының 70%-ін қуат көзімен қамтамасыз етеді.
Кореяда ғимараттарды жасылдандыру 2020 жылы басталды. Жөндеуді қажет ететін нысандар тізімін үкіметке жергілікті билік органдары ұсынады.
Ким Тэ О, Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің жасыл сәулет департаментінің директоры
- Жыл сайын жасыл реконструкцияға мемлекеттік бюджеттен 151 млн 270 мың доллар қаражат бөлінсе, жергілікті билік 113 млн 460 мың долларға жуық инвестиция құйып отыр. Бірігіп, біз жыл сайын 800-ге жуық ғимаратты жөндеуге келістік. Бір шаршы метрді қайта құрудың орташа құны шамамен 750 долларды құрайды.
Биылдан бастап жасыл реконструкция жүргізілетін ғимараттардың саны артады. Өйткені парниктік газдан бөлінетін қалдықтардың көп бөлігі көне нысандардан шығады екен. Оларды «жасылдандыру» үшін көп жылдар қажет. Өйткені Кореядағы 7 млн-ға жуық ғимараттың 70%-і 15 жыл бұрын салынған.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.